Нұртөре Жүсіп Иордания елшісімен кездесті
Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп Иордания Хашимит Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Юсуф Абдельганимен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Нұртөре Жүсіп өз сөзінде Қазақстанда Иордан Хашимит Корольдігімен ынтымақтастықты дамытуға зор маңыз берілетінін және екіжақты қарым-қатынастарды тереңдетуге біздің мемлекеттер басшылары арасындағы жылы шырайлы жеке байланыстар ауқымды үлес қосып отырғанын атап өтті.
Иордания – Қазақстанның Таяу Шығыс аймағындағы аса маңызды серіктесі болып табылады. Бүгінгі күн тәртібіндегі өңірлік және жаһандық өзекті мәселелерді шешу жөніндегі елдеріміздің ұстанымдары да ұқсас болып отыр. Халықаралық ұйымдар алаңдарында да елдеріміз өзара белсенді ықпалдасып келеді. Бұл ретте Қазақстанның халықаралық сахнадағы бастамаларын әрдайым қолдау көрсетіп отырғаны үшін иордан тарапына алғысымызды білдіргіміз келеді, -деп атап өтті Нұртөре Жүсіп.
Нұртөре Жүсіп Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жүзеге асып жатқан жан-жақты реформалар, атап айтқанда Президенттің кезектен тыс сайлауы, сондай-ақ Сенат пен Мәжіліс депутаттарының сайлауы туралы мейманға айтып берді.
Юсуф Абдельгани өз кезегінде Иордания Қазақстанмен ынтымақтастықты жоғары бағалайтынын, сондай-ақ екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға ықпал етуге дайын екенін атап өтті.