Нұртөре Жүсіп форумда бауырлас елдердің достығын нығайта түсетін бес ұсыныс жасады
Бүгін Түркістанда Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан Парламенттері Палаталарының басшылары бас қосқан Орталық Азия Мемлекеттерінің бірінші Парламентаралық форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ауқымды іс-шараның киелі қалада өтуінде үлкен мән бар. Себебі көне қала Түркістан Орталық Азия халықтары ортақ тарихи байланысы бар. Бұл жерден Аристотельден кейін «Екінші ұстаз» атанған Әбу Насыр әл-Фараби шыққан.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үндеуінде айтылғандай бауырлас елдермен қалыптасқан достық пен қарым-қатынасы соңғы жылдары нығая түскен. Бұл Орталық Азия елдерінің ұлттық мүддесімен де үндеседі.
Форумға қатысушы қоғам қайраткері, журналист Нұртөре Жүсіп бауырлас елдерді этногенез, дін, діл, тіл, тарих, әдебиет, мәдениет, тұрмыс салты мен әдет-ғұрып, салт-сана ортақтығы біріктіріп отырғанын атап өтті.
Тұңғыш рет өткізіліп отырған Орталық Азия мемлекеттерінің халықаралық форумы бірінші кезекте елдеріміздің заңнамалық базасын жақындатуға ұмтылу арқылы, өзара сауда-экономикалық, инвестициялық байланыстарымыздың қарқынын арттыруға жол ашады. Сонымен бірге парламентаралық қатынастар тетігін қалыптастыру, ақпарат алмасу, мәдениетті насихаттау, басқа да өзекті мәселелер төңірегінде пікір алысу орталығына айналғалы отыр. Бұл орайда саяси, мәдени, ғылыми, рухани ынтымақтасу жолдарын көбірек іздеген абзал. Осындай бірліктің нәтижесінде біз әлемге Орталық Азия мәдениетін, көшпелі өркениет құндылықтарын жеке-жеке емес, бірге таныстыра аламыз, - деді ол.
Оның айтуынша, Еуразия кеңістігінде 200 миллионға жуық халқы бар түркі әлемі қуатты күш. Өз кезегінде қоғам қайраткері Нөртөре Жүсіп мәртебелі мінберді пайдаланып, бірнеше нақты ұсыныс жасады.
Атап айтқанда, Орталық Азия мемлекеттерінің мәдени-гуманитарлық байланысын одан әрі тереңдете дамыту үшін жоғарыда есімдері аталған тарихи тұлғалар туралы көркем фильмдер, түрлі сериалдар түсіру. Бұл істе бес мемлекеттің кино индустрия саласының білікті мамандарын – танымал актерлерді, кино және театр режиссерлерін, киностудиялардың потенциалын толық көлемде пайдалануы керектігін тілге тиек етті.
Бұдан бөлек, Орталық Азия мемлекеттерінің біртұтас жоғары білім кеңістігін құру туралы Декларацияны басшылыққа ала отырып, ЖОО арасында тәжірибе алмасу, студент жастарды оқытуда бірлескен квоталарды көбейту қажеттігін атап өтті.
Бішкекте Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филиалы ашылды. Өзбекстан мемлекетімен де осындай ортақ бастамалар қолға алынып жатыр. Мүдделес мемлекеттермен экологиялық проблемаларды, әсіресе Арал апат аймағын кешенді түрде зерттеу және денсаулық сақтау саласындағы бірлескен ізденістер мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын да жандандыру керек, - деді Н.Жүсіп.
Қоғам қайраткері бұдан өзге Орталық Азия мемлекеттерінің бірлескен этногеографиялық және тарихи зерттеулерін ұйымдастыру мақсатында елдеріміздің Ғылым академиялары, Ұлттық архивтер мен кітапханалары арасында Біріккен онлайн-платформа құруды ұсынды. Сондай-ақ, баспа материалдарымен, фильмдермен алмасу, жарнама компанияларының жұмысын үйлестіру, этнографиялық фестивальдар мен түрлі конференция, семинар, көрме, жәрмеңке, роуд-шоуларды да өткізу керектігін ұмыт қалдырмады.
Орталық Азия мемлекеттерінің әдебиет пен өнер өкілдері арасындағы байланысты жандандырып, театр-кино фестивалдарын және спорт сайыстарын, әр елдің халықаралық деңгейде танымал ақын-жазушыларының шығармашылық кештерін ұйымдастыру, мәдени онкүндіктер және Наурыз секілді ортақ Ұлттық мерекелерді тойлау мен өткізу арқылы біртұтас мәдени-тарихи кеңістікті қалыптастырсақ ұтылмаймыз, - деді ол.