Нұртай Сабильянов Ұлттық банктің рөлін Конституцияда нақты бекітуді ұсынды

Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов ұлттық валютаны Конституция деңгейінде бекіту экономикалық егемендіктің маңызды көрінісі және қаржылық тұрақтылықтың негізі екенін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ұлттық валютаның шығарылуына, оның тұрақтылығын қорғауға жауапты институттың нақты айқындалуы қажет. Мұндай конституциялық бекіту құқықтық айқындықты, институционалдық тұрақтылықты және қаржы жүйесінің болжамдылығын қамтамасыз етеді. Бұл тәсіл цифрлық қаржы құралдары, виртуалды активтер және экономикалық айналымда кеңінен қолданылып келе жатқан басқа есеп айырысу құралдарының белсенді дамуы жағдайында ерекше өзектілікке ие, - деді ол Конституциялық комиссияның кезекті отырысында.

Депутат эмиссиялық органның Конституцияда айқындалуы ұлттық валютаның тұрақтылығын қалыптастыратын әрі оған кепілдік беретін институтты нақты көрсетуге мүмкіндік беретінін жеткізді. Ал бұл өз кезегінде қаржы жүйесіне деген сенімді нығайтады.

Осы тұрғыда ұлттық валютаны шығаруға айрықша құқық берілген және ақша-кредит саясатын жүргізуге жауапты жалғыз орган ретінде Қазақстан Республикасының Ұлттық банкінің рөлін Конституциялық деңгейде бекіту – жүйелі әрі негізделген шешім. Ұлттық валютамен қатар эмиссиялық органның да айқындалуы экономикалық өзгерістерге төтеп бере алатын тұрақты қаржы жүйесінің негізін қалайды. Осыған байланысты Конституциялық құрылыс негіздері атты бірінші бөлімде теңгенің мәртебесін мынадай редакцияда бекітуді ұсынамын, - деді депутат.

Ол Қазақстан Республикасының ақша бірлігі, ұлттық валютасы теңге екенін және Ұлттық банкке теңге эмиссиясының айрықша құқығы тиесілі екенін еске салды.

Еске салайық, бұған дейін Ерлан Қарин Конституция алғаш рет қазақша жазылып жатқанын айтты. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы