Нұртас Кәріпбаев әлемді жаяу аралап жүрген қазақстандық әйгілі саяхатшымен кездесті
Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев қазақстандық әйгілі саяхатшы Сәрсенбай Қотырашовпен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кездесу барысында тараптар жаңа бағыттар мен осындай ілгері бастамаларды қолдау жолдарын талқылады. Сәрсенбай Қотырашов жуырда әлемді жаяу аралау саяхатының үшінші кезеңін аяқтады.
Жерлесіміздің биыл 2 тамызда Өскемен қаласынан басталған саяхаты Қытайдың Уланчаб қаласында аяқталды. Осы кезеңде ол 2800 шақырымнан астам қашықтықты еңсеріп, Қазақстан, Ресей, Моңғолия және Қытай маршруттарын жүріп өтті, - делінген ақпаратта.
Айта кетейік, саяхатшы әлемді жаяу аралау саяхатының алғашқы кезеңін 2022 жылы 72 жасында бастап, алты ай ішінде Қазақстанның 17 облысын аралады. 2023 жылы екінші кезеңде Қазақстан, Ресей, Грузия және Түркияны жаяу аралау арқылы 3000 шақырымды 100 күнде еңсерді.
ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитеті мұндай бірегей жобаларды қолдауды одан әрі жалғастырады. Бұл жоба Қазақстанның халықаралық имиджін нығайтуға және туризмді дамытуға көмектеседі.
Бұған дейін 74 жастағы жаһанды жаяу шарлаған қарт жиһанкездің Астанаға келгенін хабарлаған болатынбыз.