22 Қазан 2026, 08:12 Фото: Туризм және спорт министрлігі

Нұршат Төлеуқасым Азия пара ойындарының қола жүлдесін жеңіп алды

Бұл – Нұршат Төлеуқасымның биылғы Азия пара ойындарындағы екінші медалі.

Қазақстандық садақшы Нұршат Төлеуқасым Жапонияда өтіп жатқан V Азия пара ойындарында қола медаль иеленді. Спортшы W1 сыныбында ерлер арасындағы жекелей жарыста үшінші орын алды.

Қола жүлде үшін өткен кездесуде Нұршат Төлеуқасым Таиланд өкілі Супхават Самутчаякиджді 6:2 есебімен жеңді.

Қазақстандық спортшы ширек финалда Оңтүстік Корея өкілінен 7:3 есебімен басым түскен. Алайда жартылай финалда Қытай спортшысына 0:6 есебімен жол берді.

Бұл – Нұршат Төлеуқасымның биылғы Азия пара ойындарындағы екінші медалі. Бұған дейін ол Темірлан Сейітқамалмен бірге W1 сыныбында ерлер арасындағы жұптық жарыста күміс жүлде жеңіп алған еді. Финалда қазақстандық дуэт Қытай құрамасына 0:6 есебімен есе жіберді.

Аталған күміс медаль Қазақстан тарихында Азия пара ойындарында осы спорт түрінен алынған алғашқы жүлде болды.