1 Қараша 2026, 21:49 Фото: Ұлттық олимпиада комитеті

Нұрқожа Қайпанов еркін күрестен әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды

Ол финалға дейін төрт қарсыласын жеңді.

Қазақстандық балуан Нұрқожа Қайпанов Астанада өтіп жатқан еркін күрестен әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алды.

74 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен отандасымыз финалда ресейлік Иналбек Шериевпен белдесті. Ақтық сында қарсыласына есе жіберген Қайпанов әлем біріншілігін екінші орынмен аяқтады.

Ол финалға дейін төрт қарсыласын жеңді. Атап айтқанда, Косово балуаны Эгзон Хониден, әзербайжандық Туран Байрамовтан, тәжікстандық Виктор Рассадиннен және жапониялық Йошиносуке Аоягиден басым түсті.

Айта кетейік, Нұрқожа Қайпанов Қазақстан құрамасынан әлем чемпионатының финалына шыққан жалғыз балуан болды.

Ол бұған дейін 2024 жылы әлем чемпионы атанып, 2019 жылы күміс, 2025 жылы қола медаль иеленген.