Нұрлыбек Нәлібаев Жетісудағы ірі жобалардың іске асырылу барысын тексерді
Өңірде биыл 11,5 мыңға жуық жұмыс орны құрылды.
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет басшысының тапсырмасымен Жетісу облысына жұмыс сапарымен барып, энергетика, тұрғын үй, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың барысымен танысты.
Өңірде биыл 11,5 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. Текелі энергетикалық кешенінде қуаты 36 МВт үш газтурбиналық қондырғы іске қосылып, жобаның дайындық деңгейі 90%-ға жетті.
Қора өзеніндегі Корин ГЭС-3 жобасына 10,2 млрд теңге инвестиция тартылды. Нысанның іске қосылуы өңірдегі «жасыл» энергия өндіру көлемін жылына 95 млн кВт·сағатқа арттырды.
Жетісуда 2026–2027 жылдары «Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 79 млрд теңге бағытталып, 1156,2 шақырым инженерлік желі жаңғыртылады.
Талдықорғанда қуаты сағатына 49 Гкал болатын қазандық салынып жатыр. Жоба іске қосылғаннан кейін 120 көппәтерлі үй, 17 әлеуметтік нысан және 20 мыңға жуық тұрғын жылумен қамтылады.
Сондай-ақ жұмыс сапары барысында жаңа емхана, өрт сөндіру депосы және тұрғын үй құрылысының барысы тексерілді.
Сапар қорытындысы бойынша инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды уақтылы іске асыру, жылыту маусымына сапалы дайындалу және жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша нақты тапсырмалар берілді.