"Нұрлы жол" вокзалында залалсыздандыру шаралары күшейтілген

Нұр-Сұлтан, BАQ.KZ тілшісі. Вокзалдың адам көп жүретін аумақтарындағы ылғалды тазалық жұмыстары жиілеген.








COVID-19 инфекциясының таралуын шектеу, дерттің алдын алу шаралары еліміздің әр аймағында, түрлі нысандарда барынша мұқият жүргізілуде. 





Сондай нысандардың бірі - "Қазақстан Темір Жолы" АҚ" ҰК "Нұрлы жол" теміржол вокзалы кешені. 




Жай күндері жолаушыларға лық толы вокзал бүгінде бос қалған. 




"Нұрлы жол" вокзал кешені арқылы өтетін пойыз қозғалысы тоқтаған соң, вокзалдың белгілі бір аймақтарын шектеу және келушілер қозғалысы логистикасын қайта қарау жұмыстары жүргізілді. 





2020 жылдың 1 сәуірінен бастап нысанда тексеру қызметінде 4 инспектор және бейнебақылау бойынша 2 оператор тартылған тек бір ғана тексеру бекеті жұмыс істеп тұр. 



Карантинге қарсы тазалық нормаларын сақтау мақсатында теміржол кешенінің желдеткіш жүйесі тәуліктік режимге ауыстырылған.




"Қазақстан Темір Жолы" АҚ" ҰК "Нұрлы жол" теміржол вокзалы кешенінің аға кезекшісі Ермек Сыдықовтың айтуынша, вокзалдың адам көп жүретін аумақтарындағы (анықтама бөлімі, күту залдары, лифт, санитариялық аумақтар т.б.) ылғалды тазалық жұмыстары жиілеген.



Карантин жарияланғалы бері дезинфекциялық құралдардың пайдаланылуымен жүргізілетін ылғалды тазалық жұмыстары вокзалдың адам көп жүретін аумақтарында әр екі сағат сайын, ал қалған аумақтарында әр төрт сағат сайын жасалады. Тазалық жұмыстарына күніне 100 дана хлор таблеткасы, 25 литр "Comet" химиялық тазарту құралы, еден, тактильді жолдарды жууға арналған химиялық заттар пайдаланылады. Жалпы, бұл жұмыстарға 24 адам тартылған", - дейді ол.


"Қазақстан Темір Жолы" АҚ" ҰК Астана теміржол вокзалы кешені филиалында бүгінде 350-дей адам қызмет етеді. 



Оның 200-ге жуығы ақылы еңбек демалысына жіберілген. 

Тағы 25-і қашықтан жұмыс істеу режиміне көшірілген. 


Қазір вокзал кешенінде ауысым сайын 8 адамнан 36 адам қызмет етіп жүр. 


Әр қызметкерге ауысымға түскен сайын бір маска, екі медициналық қолғап міндетті түрде беріледі. Қажет болған жағдайда антисептик, сабын және ағартқыш құралдарымен де қамтамасыз етіледі. Қызметкерлер маска-қолғапсыз жүрген жағдайда, акт толтырады немесе жұмыстан қысқартылады, - дейді Ермек Сыдықов.


Мұнда Қазақстан Республикасы Қарулы күштері биологиялық қорғау бөлімшелерінің жеке құрамы аэрозольді әдіспен дезинфекция жұмыстарын өткізіп тұрады.


Төтенше жағдай мерзімі енгізілгелі бері, вокзалда клинингтік компания тарапынан жасалып жатқан тазалық жұмыстарынан бөлек, аэрозольді әдіспен жүргізілетін залалсыздандыру шаралары да атқарылуда. Бұл тұрғыда Қазақстан Республикасы қарулы күштері биологиялық қорғау бөлімшелерінің жеке құрамы вокзалдың әр қабатына жеке-жеке тазарту жұмыстарын жүргізіп тұрады, - дейді Ермек Бауыржанұлы.


Айта кету керек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасы қарулы күштерінің аумақтық әскерлерін жасақтау үшін әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыруға қатысты мәлімдемесіне орай, бұл шарадан "Нұрлы  жол" теміржол вокзалы кешені де тыс қалған жоқ. 


Вокзал қызметкерлері арасынан 6 қызметкер әскер қатарына алынған.


Ал, вокзалдың жұмысқа толыққанды қашан кірісетіні, билеттер сатылымға қашан түсетіні әзірге белгісіз.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы