«Нұрлы жер». Елордалық көпбалалы аналарға пәтер берілді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада әлеуметтік осал топтағы балалы отбасылар жаңа пәтерлерге көшуде. 24 қараша мен 1 желтоқсан аралығында Тұрғын үй орталығында 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде өтініштер қабылданды.
«Көп балалы отбасы» санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін «Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағыты бойынша 126 пәтер сатылды.
Жеті қыз, үш ұлым бар. Көпбалалы ана ретінде 2010 жылы кезекке тұрғанмын. Осы күнді он жыл күттік. Кеше ғана кілтті берді. Өте қуаныштымыз. Отбасымыздың арманы орындалды. Өте қиын кезде болды. Бұған дейін саяжайларды жалдап тұрып келдік. Үй жақсы, жылы. Мектеп жанында, - дейді Дана Тұрсынбаева.
Камина Байболованың да жаңа жылда көптен күткен арманы орындалғанын айтады. Ауданы 110 шаршы метр болатын жаңа пәтер берілген.
Елордада тұрып жатқанымызға 20 жыл болды. Үй кезегіне тұрғаныма 12 жыл. Бала-шағамыздың несібесі шығар, бүгін көптен күткен арманымыз орындалып жатыр. Мемлекет басшысына, елорда әкіміне рахметімізді айтамыз, - дейді Камина Байболова.
Жаңа үйлер Е430, Р.Қошқарбаев даңғылы, Е435, Омаров көшесі, Ж.Нәжімеденов көшесі, А-91, Н.Тілендиев даңғылы мекенжайлары бойынша орналасқан.