"Нұрлы жер": Ақмолада 130 000 000 теңге жымқырған мердігер сотталды
Ақмола облысында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бөлінген 130 млн теңге бюджет қаражатын жымқырған құрылыс компаниясының директоры 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот мемлекетке келтірілген залалды толық өтеуді міндеттеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сот материалдарына сәйкес, 2020 жылы Ақкөл ауданының құрылыс бөлімі тұрғын үй салу үшін мердігер ұйыммен келісімшарт жасаған. Алайда құрылыс компаниясы жұмысты белгіленген мерзімде бірнеше рет аяқтамаған. Техникалық қадағалау тарапынан ескертулер болғанына қарамастан, аудандық құрылыс бөлімінің басшысы тиісті шаралар қабылдамаған.
2021 жылдың күзінде құрылыс жұмыстарының бір бөлігі мүлде орындалмағаны анықталды. Соған қарамастан, құрылыс бөлімінің басшысы орындалған жұмыстардың актілері рәсімделмей тұрып, мердігерге қаржы аударған. Ақша уақытша беріліп, кейін қайтарылады деп жоспарланғанымен, мердігер қаражатты кері қайтармаған.
Керісінше, мердігер жалған шот-фактуралар рәсімдеп, оларды құрылыс бөлімінің басшысы тексерусіз қол қойған. Айта кету керек, лауазымды тұлғаға қатысты іс прокуратура тарапынан ескіру мерзімінің өтуіне байланысты тоқтатылған.
Ал мердігер компанияның директоры сот үкімімен 7 жылға бас бостандығынан айырылып, мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы қызметпен айналысу құқығынан айырылды.
Сондай-ақ, одан мемлекетке келтірілген шығын толық көлемде – 130 561 563 теңге өндіріліп алынды.