Нұрлан Өнербаев шаңырақ құрған 44 жылда нені түсінгенін айтты
Әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Өнербаев ұрпақ тәрбиесіне қатысты ойын айтып, жас ата-аналарға үндеу жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінгі ұрпақ қандай? Қазір бала сүйіп отырған жас ата-аналар әженің ертегісін тыңдады ма? Атасының шежіре туралы әңгімесін құлағына құйып өсті ме? Әкесі өнеге көрсетіп жүр ме? Кешке жұмыстан келгенде 1 сағат уақытын баласына бөліп, тарихи, ертегі кітаптарды баласына оқып беріп, мағлұмат беріп жүр ме? Біз қандай ұрпақты тәрбиелейміз? Кімді тәрбиелейміз? – деген сұрақтарды көтерді ол.
Нұрлан Өнербаев білім саласының жан-жақтылығы, әлемдегі озық үлгілердің елімізге келіп жатқаны, жасанды интеллекттің енгізіліп жатқаны жақсы екенін айта кетті.
Бірақ өзіміздің ұлттық ерекшелігімізді сақтап қалатын ұрпақ тәрбиелей аламыз ба? Жоқ па? Бүгінгі ұрпақты кім тәрбиелеп жүр? Жас аналарға сұрақ. Өзімнің балаларымнан, келіндерден көріп жүрмін. Баланың жылағанынан, жер тепкілегенінен құтылу үшін қолына гаджет беріп құтылады. Баланы тәрбиелеп отырған бүгін гаджет. Балаға телефондағы Спанч Боб үлгі бола алмайды. Балаға тәрбиені бірінші кезекте үйдегі ата-ананың өзі беруі керек. Ата-ананың өзі баласының мінезін қалыптастыруы қажет. Сонда ғана бала өнегелі, тәрбиелі болып өседі, - деп айтты әнші.
Нұрлан Өнербаев отбасын құрғалы 44 жыл болған.
Отбасын құрған 44 жылда осыны ұқтым. Қазіргі жас ата-аналарға баланы емес, өздеріңді тәрбиелеу шығар деп айтқым келеді. “Ел боламын десең, бесігіңді түзе” деген сөз бүгін өте орынды және ұран сөз болуы керек, - дейді ол.