Нұрлан Нығматулин: Мәжіліс Салық кодексіне енгізілетін өзгерістерді талқылайды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Мәжіліс Бюросы өтіп, онда алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин атап өткендей, Палата депутаттары жалпы отырыста Салық кодексіне және оны қолданысқа енгізу туралы Заңға өзгерістерді бірінші оқылымда талқылайды.
Парламент депутаттары әзірлеген бұл құжат камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық дауларын реттеудің міндетті сотқа дейінгі тәртібін енгізуді ұсынады.
Сонымен қатар, Мәжіліс депутаттары құқық қорғау органдары, прокуратура және сот арасында өкілеттіктердің және жауапкершілік аймақтарының аражігін ажырата отырып, үш буынды модельді енгізу мәселелеріне қатысты заң жобасын бірінші оқылымда қарамақ.
Бюро отырысында депутаттар назарына бірқатар ратификациялық заң жобалары ұсынылды. Олар: Қазақстанның Қырғыз және Тәжікстан елдерімен әскери-техникалық көмек көрсету және Тәжікстанмен тәжік-ауған шекарасына іргелес аудандарда қауіпсіздікті қамтамасыз етуде әскери-техникалық жәрдем көрсету туралы келісімдері.
Сондай-ақ Палатаның алдағы жалпы отырысына екінші оқылымда Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы, Қылмыстық кодекске өлім жазасы мәселелеріне қатысты заң жобалары ұсынылмақ. Осы ретте дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу институттарын дамыту мәселелері туралы заң жобасы да екінші оқылымда қаралады деп күтілуде.