Нұрлан Ермекбаев ШЫҰ-ның Бас хатшысы болып тағайындалды
Қазақстанның өкілі Нұрлан Ермекбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының 2025-2027 жылдардағы Бас хатшысы болып тағайындалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ермекбаевты тағайындау туралы шешім Астанада өткен ШЫҰ саммитінде қабылданды.
Ол 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ШЫҰ Бас хатшысы қызметін атқарып келген Қытай өкілі Чжан Минді ауыстырып, ұйымды 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап басқарады.
Нұрлан Ермекбаев 1963 жылғы 1 қаңтарда Шымкентте туған.
1986 жылы КСРО Қорғаныс министрлігінің Әскери Қызыл ту институтын қытай және ағылшын тілдерін меңгерген офицер мамандығы бойынша үздік бітірген.
1996 жылы Қазақ сәулет және құрылыс академиясын инженер-экономист мамандығы бойынша тәмамдаған. Түрлі жылдары коммерциялық кәсіпорындарда, Сыртқы істер министрлігі құрылымында, ҚР Президентінің Әкімшілігінде қызмет еткен.
Нұрлан Ермекбаев ҚР Президентінің Кеңесшісі — ҚР Президентінің Әкімшілігі Сыртқы саясат орталығының меңгерушісі (2006–2007 жж.),
сыртқы істер министрінің орынбасары (2007–2010),
ҚР Президентінің көмекшісі (2010–2012 жж.),
ҚР Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі,
Вьетнам Социалистік Республикасындағы және Корея Халық Демократиялық Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы (2012–2014),
ҚР Президентінің көмекшісі — ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы (2014–2016),
ҚР дін істері және азаматтық қоғам министрі (2016 ж.– 2018 ж. сәуірге дейін).
2018 жылғы сәуірден бастап 2018 ж. тамызға дейін ҚР Президентінің көмекшісі — ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы лауазымын атқарды.
2018-2021 жылдары - ҚР Қорғаныс министрі.
2019 жылдың наурыз айынша Мемлекет басшысының жарлығымен генерал-майор әскери атағы берілді.