Нұрлан Бекназаров Беларусьтің Қазақстандағы елшісімен кездесті
Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров Беларусь Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Павел Утюпинмен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жүздесушілер кездесу барысында қазіргі Қазақстанның саяси даму кезеңінің маңыздылығын атап өтті. Атап айтқанда, елімізде жүргізілген конституциялық реформа және ауқымды ішкі саяси өзгерістер туралы әңгіме өрбіді.
2023 жылғы қаңтарда Сенатқа сайлау өткен болатын. Қазір Палатада ел өңірлері мен ұлт өкілдерін қамтудың рөлі едәуір күшейтілді. Өткен жылғы наурыз айында Парламенттің төменгі палатасы – Мәжіліске және мәслихаттарға жаңа аралас сайлау жүйесі бойынша сайлау өтті. Осылайша, негізгі мемлекеттік институттар кешенді түрде қайта іске қосылды. Сонымен қатар, еліміздің экономикалық үлгісі де ауқымды түрде қайта қалыптасты, - деді Нұрлан Бекназаров.
Тараптар сондай-ақ сауда-экономикалық байланыстар, өнеркәсіп кооперациясы және өңірлік өзара іс-қимыл саласындағы ынтымақтастықты дамыту келешегін талқылады.
Павел Утюпин өз кезегінде Беларусьтің Қазақстанмен ынтымақтастықты жоғары бағалайтынын және екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі белсенді нығайтуға дайын екенін атап өтті.