Нұрлан Әбдіров ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның сайлау миссиясының басшысымен кездесті
Кездесуде Құрылтай депутаттарын сайлауды бақылау миссиясының жұмысы мен сайлау науқанына дайындық мәселелері талқыланды.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров бастаған комиссия мүшелері ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының (ДИАҚБ) Құрылтай депутаттарының сайлауын бақылау миссиясының басшысы Винсент Пикетпен кездесті.
Кездесу барысында Нұрлан Әбдіров елімізде алғаш рет өтетін Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық жұмыстары, конституциялық реформаның негізгі ережелері, жоғары өкілді органды қалыптастырудың жаңа моделі және жаңартылған сайлау заңнамасындағы басты өзгерістер туралы жан-жақты ақпарат берді.
2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданып, заң шығарушы биліктің жаңа моделі бекітілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, жалпыхалықтық референдумда қабылданған Конституция – мемлекетіміздің алдағы ондаған жылға арналған Негізгі заңы. Конституциялық реформа екі палаталы Парламенттен пропорционалды өкілдікке негізделген бір палаталы Құрылтайға көшуді көздеді. Қазақстан Республикасының Құрылтайына арналған жаңа сайлау жүйесінің қалыптасуы – елдің мемлекеттік-құқықтық моделінің түбегейлі жаңғыруы. Бұл реформаның құқықтық негізі биылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген заңнамалық актілермен бекітілді, – деді Нұрлан Әбдіров.
Кездесуде сайлау комиссияларының жұмысы, олардың мүшелерін оқыту жүйесі, сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз ету, сайлаушыларды ақпараттандыру, сондай-ақ қоғамдық және халықаралық байқаушылардың қатысуы сияқты ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
ОСК төрағасы комиссияның ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-пен көп жылдан бері қалыптасқан ынтымақтастығына да тоқталды.
Біз ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-пен көпжылдық әріптестігімізді жоғары бағалаймыз. Бұл ынтымақтастық әрдайым ашық диалогқа, кәсіби өзара түсіністікке және өзара құрметке негізделді. Осы сайлау науқаны барысында да бірлескен жұмысымыз осындай сындарлы сипатта жалғасатынына сенімдімін. Өз тарапымыздан халықаралық байқаушылардың Қазақстан Республикасының заңнамасы мен халықаралық міндеттемелерге сәйкес жұмыс істеуі үшін барлық қажетті жағдайды жасаймыз. Сонымен қатар ДИАҚБ-ның қорытынды есептеріндегі ұсынымдар жүйелі түрде зерделеніп, сайлау жүйесін одан әрі жетілдіруге пайдаланылып келеді, – деді ол.
Өз кезегінде Винсент Пикет Қазақстанда жүргізіліп жатқан конституциялық реформаның маңызын және елдің ЕҚЫҰ құрылымындағы рөлін атап өтті.
Қазақстан – ЕҚЫҰ құрамындағы маңызды серіктестердің бірі. Еліміздегі тұңғыш Құрылтай депутаттарын сайлауды бақылау миссиясын шақырғандарыңыз үшін алғыс білдіреміз. Қазақстан қазір институционалдық және заңнамалық тұрғыдан маңызды жаңғыру кезеңінен өтіп жатыр. Сондықтан бұл сайлауды бақылау біздің миссия үшін ерекше маңызды. Біз Қазақстанмен әріптестікті және Орталық сайлау комиссиясымен қалыптасқан ашық диалогты жоғары бағалаймыз, – деді миссия басшысы.
Кездесу қорытындысында Орталық сайлау комиссиясы сайлау науқанын заң талаптарына толық сәйкес өткізіп, сайлау процесіне қатысушылардың барлығына тең мүмкіндік жасайтыны атап өтілді.