Нұрғазы Әнуарбеков: Конституция – қоғамның сенімі мен әділеттіліктің кепілі
Қазақстандағы соңғы конституциялық реформалар елдің саяси жүйесін жаңғыртып, азаматтардың құқықтарын қорғаудың жаңа тетіктерін енгізді. ҚР Әділет министрлігі Конституциялық заңнама және мемлекеттік басқару департаментінің Конституциялық заңнама басқармасының басшысы Нұрғазы Әнуарбеков BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында ата заңдағы өзгерістердің маңызы мен алдағы басымдықтары туралы айтып берді.
- Соңғы жылдарда Қазақстанда Конституцияға енгізілген өзгерістер туралы қысқаша айтып өтсеңіз?
- Өздеріңіз білетіндей, Конституция 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданды.
Өткен 30 жылда, қоғамдық өмірдің және елдің даму үдерісінің қажеттіліктеріне қарай Конституцияға тиісті өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп отырды. 2007, 2017 және 2022 жылдары жүзеге асырылған конституциялық реформалар Қазақстанның адам құқықтарын қорғау институттарының және саяси жүйесінің эволюциялық жетілуіндегі елеулі қадамға айналды.
Орын алған конституциялық реформалар мемлекеттің демократиялық институттарды нығайтуға және қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз етуге ұмтылысын көрсетеді. Ерекше маңызға ие болған реформалардың бірі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауында бастамашылық етілген реформасы.
2022 жылы Конституциялық өзгерістер екі түрлі жолмен: маусым айында республикалық референдум өткізуі және қыркүйек айында Парламенттің тиісті заңды қабылдауы арқылы жүзеге асты. Бүкілхалықтық дауыс беруі конституциялық құндылықтарды бекітудегі маңызды қадамға айналды, қазақстандықтардың саяси санасын арттырып, саяси мәдениеттің өсуіне ықпал етіп, қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтты.
Өзгерістер Конституцияның көптеген баптарын, атап айтқанда үштен бірін, қамтыды және билік тармақтары арасындағы өзара бақылау мен тепе-теңдік тетіктерін жетілдіруге бағытталды. Президенттің бір мерзімнен артық сайлану құқығы, Сенат депутаттарын тағайындау өкілеттігі мен саяси партияға мүшелігіне қатысты өкілеттіктері ғана емес, сонымен қатар оның жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметшілер және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары лауазымдарын атқару құқығы да шектелді. Мәжіліс депутаттарын сайлау жүйесі аралас үлгіге ауыстырылды, оның бір бөлігі бірмандаттық округтер арқылы сайланатын болды. Заң шығару процесінде Мәжілістің ықпалы мен жауапкершілігі арта түсті.
- Бұл өзгерістер азаматтардың құқығы мен бостандығына қалай әсер етті?
- Аталған реформаның негізгі жаңашылдықтарының бірі – Конституциялық Кеңестің орнына Конституциялық Соттың құрылуы, ол өз кезегінде конституциялық заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету тетіктерін күшейтіп, азаматтардың құқықтық қорғалу мүмкіндігін арттырды.
Конституциялық Сот елдегі конституциялық заңдылықтың сақталуын қадағалай отырып, Қазақстанда заң мен тәртіптің орнығуына ықпал ететін басты органның бірі болды.
Конституциялық реформаның нәтижесінде, енді Конституциялық Сотқа тек Президент, Премьер-Министр, Парламент депутаттары мен соттар ғана емес, сонымен қатар Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Бас Прокурор және ең бастысы – азаматтардың өздері де жүгіне алады. Осының нәтижесінде, кез келген нормативтік құқықтық акт, оның ішінде министрліктердің бұйрықтары немесе әкімдердің қаулылары да Конституцияға сәйкестік тұрғысынан тексерілуі мүмкін.
Конституциялық бақылау органы жаңа форматта жұмыс істеген екі жылдың қорытындысы бойынша азаматтар өздерінің конституциялық құқықтарын қорғаудың жаңа тетігін белсенді пайдаланып жатқаны байқалады.
Реформалардың тағы бір маңызды бағыты – Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтын нығайту болды. Ендігі ретте оның құқықтық мәртебесі мен қызметінің кепілдіктері Конституцияның жеке бабында бекітіліп, конституциялық заңмен реттеледі.
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің енді өңірлік өкілдері бар, олар арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін, қоғамнан уақытша оқшаулау немесе жазаны орындау үшін арналған мекемелерде отырған адамдармен кездесуге, сондай-ақ тиісті органдар мен ұйымдарға кедергісіз кіруге құқылы.
Өз кезегінде, прокуратура органдарының мәртебесін арттыру мақсатында Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, прокуратура органдарының құқықтық мәртебесі енді конституциялық заңмен де айқындалады.
Қабылданған шаралар Қазақстанның құқық қорғау институттарын нығайту бағытында ілгерілеп келе жатқанын көрсетеді. Бұл өз кезегінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етіп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ бизнес, қоғам және мемлекеттің мүдделерін қорғауға, қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
- Қазіргі таңда Конституцияға жаңа түзетулер енгізу мәселесі қарастырылуда ма?
- Конституцияның 91-бабына сәйкес Конституцияға Республика Президентінің өз бастамасымен, Парламенттің немесе Үкіметтің ұсынысымен қабылданған шешімі бойынша өткізілетін республикалық референдум арқылы өзгертулер мен толықтырулар енгізуі мүмкін. Егер Президент оны Парламенттің қарауына беру қажет деп ұйғарса, Конституцияға енгізілетін өзгертулер мен толықтырулар жобасы республикалық референдумға шығарылмайды. Мұндай жағдайда Парламенттің шешімі Конституцияда белгіленген тәртіппен қабылданады.
Бүгінгі күні жоғарыда аталған билік институттары тарапынан Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша бастамалар жарияланған жоқ.
- Конституция нормалары заң жобаларын әзірлеуде қалай ескеріледі?
- Конституция – бұл елдің жай ғана негізгі заңы емес, ол – ұлттық заңнама жүйесін құрып, жетілдіріп отырған берік іргетасы.
Конституция, елдегі барлық заңдардың Конституция нормаларына сәйкес болуын талап етеді. Тиісінше кез келген мемлекеттік орган заң жобаларын әзірлеу барысында осы қағиданы басшылыққа алады. Өз кезегінде, Әділет министрлігі нормативтік құқықтық актінің жобасын не қабылданған нормативтік құқықтық актіні Конституцияға сәйкестігі тұрғысынан тексеріп, оған заң сараптамасын жүргізеді.
Тексеріс барсында ұсынылған заң жобасында Конституцияға сәйкес келмейтін нормалар көзделген жағдайда, ондай жоба әзірлеуші мемлекеттік органға қайтарылады. Кез келген заң жобасына қойылатын басты талап, оның Конституцияға сәйкестігі.
- Қазақстандық азаматтардың өз құқықтары мен міндеттерін білу деңгейін қалай бағалайсыз?
- Қазақстандықтардың өз құқықтары мен міндеттерін білуі мемлекет үшін және қоғам үшін өте маңызды. Жалпы біздің прогресивті қоғамның құқықтық мәдениеті жыл сайын жоғарылап келеді. Оған елде жүргізіліп отырған құқықтық саясат пен азматтардың әділетті және таза қоғам құруға деген ниеті ықпал етуде.
Әділет министрлігі 2024 жылдың қараша айында «eGov mobile» жүйесі арқылы 90 мыңнан астам азаматтың қатысуымен сауалнама жүргізді. Нәтижесі бойынша азаматтардың басым көпшілігі өздерінің заңнаманы білу деңгейін орташа деп бағалаған. Жалпы азаматтардың құқықтық мәдениеті белсенді түрде артып келеді. Бұл бағытта Әділет министрлігі де өз құзыреті шегінде құқық түсіндіру және құқықтық насихат бойынша тиісті жұмыс жасауда.
- Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде дамуына Конституцияның ықпалы қандай?
- Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әрқашан өз сөзінде «Біз қазір бәріміз бір ел болып әділетті, таза, әрі қауіпсіз Қазақстанды құрып жатырмыз» деп айтып отырады және оған жетудің жолы, елде заң мен тәртіптің үстемдігін орнату екенін де айқындап берді. Ұлтымыздың ұланы, батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген. Яғни, кез келген мемлекеттің берік ұстындары мен тәртібі болады және ол тәртіп, жалпы халық болып қабылдаған Конституцияда көрініс табады.
Халықаралық құқықтың субъектісі және құқықтық мемлекет ретінде Қазақстан да өзінің Конституциясын 1995 жылы 30 тамызда жалпы халықтық референдум арқылы қабылдады. Әлемдік үздік тәжірибелер ескеріле отырып, қабылданған «Ата Заң», тәуелсіз мемлекеттің іргесін бекемдеп, бүгінгі даму деңгейіне жетуіне және елде құқықтық мәдениеттің қалыптасуында орасан зор әсер еткен фактор болды.
Заң мен тәртіп, құқық үстемдік еткен қоғамда орнығатыны анық. Құқық үстемдігі ұғымының өзі, бастауын 19-ғасырдан алады және мемлекет пен азаматтар арасындағы қоғамдық қатынастардағы, өзара құқықтар мен міндеттердің шегін белгілейді және «әділеттік» қағидасымен қатар жүреді. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік институттар да азаматтар да заңға бағынуы және қоғам әділеттілік қағидасын берік ұстануы қажет. Алайда, құқық философиясында, классикалық заңгер ғылымдармен айқындалған «құқық үстемдігін» толық орната алған мемлекеттер жоқтың қасы. Дегенімен де, әділетті қоғам құруды қалаған мемлекеттер осы бағытта әрқашан жұмыс жасап келеді және бұл қатарда Қазақстан да бар. Оған Конституцияның 1-бабында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп көрсетілгені дәлел.
Конституция әркімнің құқық субъектісі ретінде танылуын және өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуын, білікті заң көмегін алуға құқығын және қажет болған жағдайда ондай көмекке тегін қол жеткізуін, сондай-ақ заң мен сот алдында бәрінің теңдігіне кепілдік береді.
Конституция – ең Негізгі заң ретінде республика қызметінің түбегейлі принциптерін және адамдардың құқықтары мен міндеттерін айқындай отырып, елдің даму үдерісіне ықпал ететін және құқықтық мемлекет ретінде орнығуын қамтамасыз ететін нормативтік құжат екенін ескеру қажет.
- Заң шығару саласында алдағы уақытта қандай негізгі басымдықтар күтіледі?
- Заңнаманы жетілдіру қажеттігі объективті қажеттілік екендігі жалпыға мәлім, оны іске асырмайынша, қоғамдағы экономикалық, әлеуметтік, мәдени және өзге де процестерге оң ықпал ету мүмкін емес. Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі құқықтық саясатының тұжырымдамасына және Мемлекет басшысы бастамашылық еткен реформаларға сәйкес, бірінші кезекте адам құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты күшейту маңызды. Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы, мемлекеттік басқарудың «адамға бағдарланған» «Ең алдымен адамдар» моделін құруды көздейді.
Конституциялық Сот өзінің 2025 жылғы елдегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жолдауында «Адамға бағдарланған тәсіл адам құқықтарының мемлекеттік саясатта басым екенін бекітеді. Конституциялық заңдылық Конституция үстемдігін қамтамасыз етеді және осы құқықтардың практикада іске асырылуына кепілдік береді» деп атап өткен.
Осыған орай, мемлекеттік органдар алдағы заң шығармашылық қызметтерінде жалпы қоғамның және адамдардың қажеттіліктерін ескеретін, олардың құқықтарын қорғау институттарын жетілдіру бойынша нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу бағытында әрекет ететін болады.
- Әңгімеңізге рахмет!