Нұрғали Нұртай: Үгіт науқаны – 1 айда партиялардың өміршеңдігін дәлелдейтін уақыт
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сарапшылар сайлауалды үгіт-насихат кампаниясының қалай басталғаны жөнінде пікір білдірді.
Журналист Нұрғали Нұртай Facebook-тегі парақшасында сайлау науқанының үгіт-насихат кезеңінің ең басты ерекшелігі кандидаттар құрамы айтарлықтай жаңарғанында деп жазды
Конституцияға сәйкес 10 Желтоқсан 18.01-ден сайлауға түсетін партиялардың үгіт-насихат науқаны басталды. Кезекті сайлаудың саяси мерзімін 3 кезеңге бөліп қарастыруға болады.
Біріншіден, кандидаттарды тіркеу яғни үгіт алдындағы кезең. Осы кезеңде партиялар тиімді және қағылез жұмыс істей бастады. Бір партия тіпті сайлау тағайындалмай тұрып өз ішінен іріктеуді ерте бастаса, кейбір партия атауын өзгертті. Жиналыстарын жаңа форматта өткізіп, немқұрайлылықтан арылып, бағдарламаларын пысықтады. Сайлау процесінің негізгі қатысушылары саяси партиялар мен ОСК жақсы ұйымдастырушылық әлеуетін көрсетті. 10 желтоқсанда саяси партиялар арасында жеребе ойнатылып, олардың бюллетендегі кезектілігі анықталды.
Бұл кезеңнің ең басты ерекшелігі кандидаттар құрамы айтарлықтай жаңарды. Атап айтқанда, Мәжіліске қазіргі депутаттардан 34-і ғана қайта үміткер болды. Бұл осы депутаттар қайта сайланды деген күннің өзінде Мәжіліс 63 пайыз жаңарады деген сөз.
Екінші, үгіт-насихат науқаны. Бір ай мезгіл партиялардың саяси додада бәсекелестігін, мемлекеттік басқару мен қоғамды дамытуда өміршеңдігін дәлелдейтін уақыт. Алғашқы күннен біз кандидаттардың, сайлау штабтарының науқандық қарбаластығын байқадық. Мысалы алғашқы минуттарда «Ауыл партиясы» республикалық штабының жиналысын өткізді. Сайлау процесі экономикалық дағдарыс пен коронавирустық карантинге қарамастан ішкі тұрақтылық жағдайында жүріп жатыр.
Үшінші кезең, әрине сайлау күні. Ал, сайлаудың қалай өтіп, креслолардың кімнің еншісінде тиетіні сайлауға түскен саяси партиялардың алғашқы екі кезеңде жүргізген жұмысына байланысты, - деп жазды журналист.
Ал Еуразиялық интеграция институтының сарапшысы Бауыржан Серікбаев тартысты саяси науқан болатынын атап өтті.
Саяси партиялар өз үгіт-насихат жұмыстарын бастады. Науқан басталмай тұрып екі партия ребрендинг жасады. Өз бағдарламаларын, бағыттарын белгіледі. Съездерін өткізді. 10 желтоқсанда сағат 18:01-ден бастап саяси партиялар белсенді түрде елді насихаттауға көшті. Халқымыз да өте мұқият тыңдап, бақылап отыр. Жалпы қызық болып жатыр енді. Бүгін Астана қаласында билбордтар іліне бастады. Бұл да бұқараны өзіңе тартудың бір жолы. Тартысты саяси науқан болатын секілді. Біздің қоғам да Facebook-те пікірін білдіріп жатыр. Бұл да дұрыс. Ең тартысты бәсеке онлайн әлемде болады. Қарқынды өтуде. Осылай болғаны да жақсы. Не бар көшеде?.. Тоңып, жаурап. Қыстың суығында бәрі онлайн Facebook-те болғаны жақсы ғой негізі. Жалпы бұл сайлау бізді бір саты алға жылжытатын, саяси мәдениетті көтеретін науқан болады деп үміттенемін, - деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.
Аталмыш институттың тағы бір сарапшысы Самат Нұртазаның пікірінше, әр партия өзінің орталықтарын көрсетіп, барлық партияға БАҚ өкілдері бірдей көзқарас танытып жатыр.
Мен Өскеменде елдің қамымен шапқылап жүргенде, ел ағалары Үгіт-насихат науқанын бастап жіберіпті. Кеше Нұр-Сұлтанға келсем, барлық партияның өкілдері хабарласып «Сәкем-ау, біздің партияға өтсеңші» деп жылы шырай білдіріп жатыр. Еліміздің демократияланғанына риза болдым. Facebook желісі қайнаған қазандай бұрқылдап, әр партия өз жұмысын паш етуге құлшынып жатқаны байқалды. Әр партия өзінің орталықтарын көрсетіп, барлық партияға БАҚ өкілдері бірдей көзқарас танытқандай сезілді. «Мен елеусіз қалдым, мені ығыстырып жатыр» деген бір партия өкілдерін көрмедім. Қуантарлық жағдай. Ес жинап, етек жеңімізді жинап, ел болдық деген осы. Көшені айтсаңшы, көшеде билбордтар партия жарнамасымен тұрғанда, өзіңді Трамп пен Байденнің тағдырын шешетін азаматтай сезініп қалдым. Ләйім, сол демократияның атасы Қазақ елінде орнайды. Өз басым соған сенемін, - деп әлеуметтік желіде ойымен бөлісті.Айта кетейік, саяси додаға 5 партия қатысып жатыр. Олар «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, Nur Otan партиясы, ADAL саяси партиясы, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы және «Қазақстан Халық партиясы».