Нұрдәулетов: Халықаралық тұрақтылықты қамтамасыз етуде үйлесімді тәсілдерді қолдану маңызды
Ғизат Нұрдәулетов қауіпсіздік мәселелері жөніндегі халықаралық форумға қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
24-25 мамырда Мәскеу облысында Қауіпсіздік мәселелеріне жетекшілік ететін лауазымды тұлғалардың XI халықаралық кездесуі өтті. Жиынға Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов қатысты.
Ресейдің Қауіпсіздік кеңесі ұйымдастырған форумға бірқатар елдің қауіпсіздік кеңесінің, құқық қорғау және арнаулы органдарының, сыртқы саяси ведомстволарының, сондай-ақ ШЫҰ, ҰҚШҰ, ТМД, ЕЭК, Орталық Азия елдерінің Экономикалық қауымдастығы секілді халықаралық ұйымдардың 100-ден аса өкілі жиналды.
Форумға қатысушылар пленарлық отырыста халықаралық ахуалға қатысты негізгі үрдістер, жаһандық қауіп-қатерлер жөнінде пікір алмасты.
Қазақстан Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы өз сөзінде қазіргі геосаяси жағдайда халықаралық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін үйлесімді тәсілдердің маңызды екенін атап өтті.
Бұл ретте ол 2022 жылғы қазанда Астанада өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің алтыншы саммитінде мемлекет басшылары мен үкімет жетекшілері Кеңесті толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру үдерісін бастағанын еске салды. Бұл шара мемлекетаралық іс-қимылды барлық елдің ұлттық мүддесіне құрметпен қарайтын тең құқықты, ашық әрі өзара сенімді диалогқа бейімдеуге бағытталған.
Ғизат Нұрдәулетов еліміздің киберқауіпсіздігін қамтамасыз етуге, есірткі өндіруге және оны таратуға қарсы іс-әрекет тәсілдері туралы мәлімет беріп, су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және суды бірлесе пайдаланудың жаңа модельдерін әзірлеу мәселелеріне баса назар аударды.
Жиында жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету проблемалары және басқа да өзекті мәселелер егжей-тегжейлі талқыланды.
Форум аясында Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов бірқатар шетелдік әріптесімен кездесіп, екіжақты ынтымақтастық мәселелерін қарастырды.