Нұрдәулет Айдосов: Халық пен бизнестің бізге артқан сенімі бәрінен құнды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2021 жылға арналған жылдық есебін ұсынған Jusan Bank басқарма төрағасы Нұрдәулет Айдосов пандемияның салдары, реформалар, макроэкономикалық жағдайға байланысты 2021 жылдың өте күрделі болғанын айтты. 

Алайда төраға бұл қиындықтарға қарамастан, 2021 жылдың Jusan Bank үшін жемісті, нәтижелі, жекелей алғанда банктің және тұтастай алғанда топтың сапалы түрленуіне негіз болған, сандық көрсеткіштер өскен жыл болғанын айтады. Атап айтсақ, қазақстандық банктер арасында Jusan активтердің жылдық өсімі бойынша алғашқы төрттікке енді.

2021 жылдың ең басты жетістігі – кредиттік портфельді оңалту. Ең алдымен, проблемалық Цесна банктен бізге басқаруға өткен кредиттер жайлы сөз болып отыр. Оңалтумен қатар, қысқа уақыт аралығында АТФ Банкті біріктіріп алу бойынша аса күрделі жұмыс жүргізілді. Jusan осы екі банкті 167 млрд теңгеге қайта қаржыландырды. Осындай ауқымды екі міндетті шешу – еліміздің банктік жүйесінде бұрын-соңды болмаған жағдай. Сонымен қатар Цеснабанк пен АТФБанкке бұрын көрсетілген мемлекеттік қолдауды мерзімінен бұрын кезең кезеңмен қайтаруды қарастырудамыз, - деді ол.

Өткен жылы екі ірі қаржы институтының бірігуіне байланысты құрылымдық түрленумен қатар Jusan Bank өз өнімдерін, сервис сапасын және қаржылық экожүйені дамытуды жалғастырды. Осы процестердің нәтижесінде банк елдің ең ірі банктерінің рейтингінде бірнеше позицияға көтерілді. Жылды активтердің көлемі бойынша тоғызыншы орынмен бастап, төртінші орынмен аяқтады. Жылдық динамикада банктің активтері 923,8 млрд теңгеге ұлғайып, 2,6 трлн теңгеге жетті. Бұл 55%-ға өсу көрсеткішіне сәйкес келеді.

Нәтижесінде банктің нарықтағы үлесі 7%-ға жақындады, ал Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бізге әлеуетті-жүйелік маңызды ЕДБ мәртебесін берді. Бұл еліміздің қаржылық жүйесінің тұрақты және үздіксіз жұмысын сақтап тұрудағы Jusan Bank-тің рөлін мойындау деген сөз. 12 айдың қорытындысы бойынша кредиттік портфельдің өсімі 200% немесе ақшалай есеппен 487 млрд теңгеге ұлғайып, 731 млрд теңге болды. Активтердің қарқынды өсуіне қарамастан, макроэкономикалық жағдайларды, сондай-ақ салымшылар мен кредиторлар үшін сенімділікті сақтау қажеттілігін ескере отырып, банк кредит беруде консервативті әдіс-тәсілді қолдану дәстүрін сақтады. Тәуекел мен табыс арасындағы теңгерімді сақтай отырып, банктің кредит нарығындағы үлесі 5,3%-ға дейін өсті, - деді ол.

Сонымен қатар, NPL 90+ мерзімі кешіктірілген қарыздар көлемі бір жылдың ішінде кредиттік портфельдің жалпы көлемінен 44,09%-дан 9,47%-ға дейін ғана азайды. 2021 жылы проблемалық портфельдің бірден 70,3%-ға қысқаруы қазақстандық банктердің алғашқы ондығының арасындағы ең үздік көрсеткіш болды, өз кезегінде бұл тек банкке емес, еліміздің банктік секторының оңалуына да оң әсерін тигізді.

Бұл ретте, 2019 жылдан Цесна банктен және АТФ Банктен ауысқан қарыздарды алып тастап, Jusan Bank командасы 2019 жылдан бері 500 млрд теңгеден асатын сомаға берген қарыздарды ғана есепке алсақ, NPL 0,79% болады. Бұл нарықтағы ең үздік көрсеткіштердің бірі.

Жан-жақты ойластырылған тәуекел-менеджмент Jusan Bank-ке реттегіш пруденциалдық нормативтер бойынша белгілейтін ең төмен талаптардан айтарлықтай асып түсуді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Капитал жеткіліктілік коэффиценті (k1) 28%, ал ағымдағы өтімділік көрсеткіші (k4) 211%. Меншікті капиталының мөлшері және өтімділігі бойынша Jusan Bank қазақстандық банктердің арасында екінші және үшінші орынды иеленеді. 

Банктің тартымдылығы негізінен Jusan Retail және Jusan Business жаңа цифрлық өнімдерінің дамуымен қамтамасыз етілген. Клиенттік базаның елеулі түрде өсуі жалпы банк өнімдеріне деген жоғары сұраныс есебінен қамтамасыз етіліп отыр. Сонымен қатар, АТФ Банкпен жылдам және тиімді түрде бірігу оның клиенттерінің қатарда қалуына мүмкіндік берді. Нәтижесінде, бөлшек сегменттегі клиенттік портфель 4 еседей артып, биылғы жылдың басында 2,5 млн клиенттен асты. Ал экожүйенің цифрлық сервистерін ай сайын белсенді пайдаланушылар саны 1 миллионнан асты. Банктегі салымдар көлемі 56%-ға өсіп, 1,51 трлн теңге көрсеткіштен асып түсті. Бұл – халықтың және бизнестің бізге артқан сенімі, біз үшін нағыз құнды дүние – деді Нұрдәулет Айдосов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы