Нұрбек Пұсырманов: Құрылтайға тек танымал тұлғалар емес, кәсіби саясаткерлер қажет
Астанада «Sarap» сарапшылық клубында «Сайлау қорытындылары және Құрылтай келбеті» тақырыбында кезекті отырыс өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жиында Мемлекет тарихы институтының директоры Нұрбек Пұсырманов саяси жаңғыру мен заң шығарушы органның сапалық құрамына қатысты өз пайымын білдірді.
Оның айтуынша, жаңа саяси архитектураны іске асырудың негізгі тетігі – Құрылтай сайлауы. Бұл бағыт Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылы бастаған саяси жаңғыру саясатының, соның ішінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының заңды жалғасы.
Мемлекет тарихы институтының басшысы сабақтастық мәселесі Құрылтайдың ішкі заңнамалық және институционалдық рәсімдерінен көрініс табуы тиіс екенін атап өтті.
Бұған дейін қалыптасқан заң шығарушы тәжірибені тиімді пайдалану, ашықтықты қамтамасыз ету және азаматтардың заң шығару процесіне кеңінен қатысуын жолға қою маңызды. Құрылтай туралы заңда көрсетілгендей, әртүрлі комиссиялар мен жұмыс топтары арқылы қоғам өкілдерін заң шығаруға тартуға толық мүмкіндік бар, – деді Нұрбек Пұсырманов.
Нұрбек Пұсырманов қазіргі саяси жүйеге тек танымал тұлғалар емес, ең алдымен кәсіби саясаткерлер қажет екенін баса айтты.
Құрылтайдың сапалық құрамын бағалағанда депутаттардың тек танымалдығына ғана емес, заңнамада бастама көтере алу қабілетіне, сараптамалық дайындығына, пікірталас мәдениетіне, өңірлік және әлеуметтік топтардың мүддесін білдіру мүмкіндігіне де біз назар аударуымыз керек, - деді ол.