Нұрбек Бадырақов: Түркістанда азық-түлік белдеуі қалыптасады

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл коронавирус індетіне байланысты жарияланған елдегі төтенше жағдайға қарамастан көктемгі егістік дала жұмыстары қалай жүріп жатыр? Өңірде агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың қандай басым бағыты айқындалды? Дала жұмыстарының биылғы еңбек өнімділігі мен жоспары қалай болмақ? Осы және басқа да сауалдар төңірегінде Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовпен тілдескен болатынбыз.

– Нұрбек Бақтыбайұлы, "Нан болса, ән де болады" дегенді аталарымыз тектен текке айтпағанына тағы да көз жеткізіп жатырмыз. Елдің басына қандай жағдай түссе де, халықты ең бірінші кезекте азық-түлікпен оның ішінде көкөніс, дәнді дақылдармен қамтамасыз ету басты орында. Айтыңызшы, былтыр облысымыздың ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігі қанша болды, ал биылғы меже мен жоспар қалай болмақ?

– Өткен жылы ауылшаруашылығы саласын табысты аяқтадық. Атап айтқанда, 213,5 млн АҚШ долларын құрайтын ауылшаруашылығы өнімдері сыртқы елдерге экспортталып, 2018 жылмен салыстырғанда 2,8 есеге артқан болатын. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы бойынша 1200 мың тонна және мал шаруашылығы өнімдерінен 32,8 мың тонна өнім экспортталды. Ірі қара мал етін экспорттау жоспары 2,2 есеге артып, 19 мың тонна ет экспортқа шығарылды. Айта кетейін, оның басым бөлігі Ресей еліне шығарылды. Ал, 2020 жылдың қаңтар-ақпан айларында 15,9 млн АҚШ долларын құрайтын 92,3 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері сыртқа жөнелтілді.

– Біздің Түркістан облысында ауыл шаруашылығы қай жағынан басым? Егін, мал шаруашылығы ма әлде басқа да салалар бар ма?

– Облыста ауыл, орман және балық шаруашылығы алда келеді. Олай дейтінім, былтырғы жылы аталған өнімдердің жалпы шығарылымы 629 816,2 млн теңгені құрады, мәселен өсімдік шаруашылығы 355 270,4 млн теңгеге, мал шаруашылығы 271 432,7 млн теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш 2019 жылдың тоғыз айында 1288 мың теңгеге жетіп, 2018 жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда 105,2 % құрады. Осы жылы негізгі капиталға 58 млрд теңге, тамақ өндірісіне 8,7 млрд теңге инвестициялар тарту жоспарлануда.

Тағы бір айта кететін жаңалық, биыл түйе шаруашылығын дамыту бойынша нақты іс-шаралар жоспары қабылданды. Тәуліктік қуаттылығы жүз тонна түйе сүтін өңдеу зауыты бір литр түйе сүтін 900-950 теңгеге сатып алуға дайын. Бұл түйе шаруашылығын дамытуға үлкен қолдау болып отыр. "Golden camel group LTD" ЖШС жүргізетін бұл жобаның өз-өзін ақтау мерзімі – 7-8 ай. Іс-шара жоспарына сәйкес облыста аналық түйе санын елу мың басқа жеткізу көзделіп отыр. Жалпы, облысымызда ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек өнімділігін 2024 жылға дейін екі жарым есеге дейін арттыру жоспарланды.

– Осы тұрғыда, ауыл шаруашылығы бойынша шикізат секторынан дайын өнім секторына өту бағытында қандай жұмыстар атқарып жатқандарыңызды айта кетсеңіз?

– Иә, ауыл шаруашылығын дайын өнім секторына өткізу, қайта өңдеу саласы бойынша негізгі басымдыққа ден қойып отырмыз. Өткен жылы ірі қара мал етін экспорттау бойынша бес мың тонна жеткізу тапсырмасы беріліп, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзірбайжан елдеріне 19,9 мың тонна сиыр еті, Өзбекстан, Иран, Бахрейн, Ресей елдеріне 4,1 мың тонна қой еті, Өзбекстан, Ресей елдеріне 110,5 тонна жылқы етін шығарған болатынбыз. Бүгінгі таңда қайта өңделген балық өнімдерін экспорттаушылар "Байкошкарова А.С", "Сапар-Нур", "Жалгасбаев Т С", АШӨК "Хамит", ШҚ "Азия Балык", ЖК "Назарбекова К.А" жеке кәсіпкерлері есебінен 3,1 мың тонна өнім Ресей, Өзбекстан, АҚШ және Еуропаның Германия, Литва, Чехия, Нидерланды елдеріне экспортталды. Ал, "Қарқын-2030" ЖШС-нің есебінен Ресейге 33 тонна шұжық өнімдері және "Ордабасы құс" ЖШС-нің есебінен 2,5 мың тонна құс еті шығарылды. Жыл басынан бері облыстан 543 тонна ірі қара мал еті, 1573 тонна қой еті, 697 тонна құс еті, 703 тонна балық еті және 4 тонна шұжық өнімдері шетел нарқына жол алды.

– Ауыл шаруашылығын дамытатын мемлекеттік қандай бағдарламалар бар? Оның аясында егістік жерлерді тиімді пайдалану және әртараптандыру шаралары қалай қолға алынып жатыр?

– Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 30 наурыздағы "Өсімдік шаруашылығы өнімінің шығымдылығы мен сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы" №107 бұйрығы негізінде өсімдік шаруашылығы бойынша, биыл мына бағыттарға мемлекеттік қолдаулар көрсетілетін болады. Атап айтқанда, басым дақылдар өндірісі, көпжылдық көшеттер өндiруді дамыту, тұқым шаруашылығын дамыту, тыңайтқыштардың құнын (органикалық тыңайтқыштарды қоспағанда) арзандату, саны зиян тигізудің экономикалық шегінен жоғары зиянды және аса қауіпті зиянды организмдерге, карантиндік объектілерге қарсы өңдеулер жүргізуге арналған пестицидтердің, биоагенттердiң (энтомофагтардың) құнын арзандатуға субсидия төленетін болады. Жалпы, аталған бағыттарға 6 448 462 мың теңге қаржы бөлінді. Сонымен қатар, "қолдау.кz" веб порталы арқылы минералды тыңайтқыштарға электронды түрде өтінім қабылдау жұмыстары басталды. Ал, қалған бағыттар бойынша субсидия нормалары мен көлемдерін облыс әкімдігінің қаулысымен бекіту үшін қаулы жобасы дайындалуда.

– Бүгінге дейін Түркістан облысының шаруаларына қанша тонна минералды тыңайтқыш берілді?

– Биыл 93,5 мың тонна минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға 3,75 млрд теңге қаржы бөлінді. Сонымен қоса, қазірге дейін облыс тауар өндірушілеріне он жарым мың тоннадан астам минералды тыңайтқыштар босатылды.

– Жоғарыда айтылған бағдарламаны негізге ала отырып, аудан, қалалардағы ауыл шаруашылығы саласын дамыту бойынша аймақтық жоспар бекітуді, жоба аясында инвестиция тарту жұмыстары қолға алынды ма?

– 2019 жылы ауыл шаруашылығы негізгі капиталына 55,4 млрд теңге көлемінде жеке инвестициялар тартылып 23,7% артты. Республикадағы үлесі бойынша 2 орынға шықтық. "Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары" аясында Түркістан қаласы аумағында 11 мың гектар алқапқа азық-түлік белдеуін қалыптастыру жоспарланған. Қазіргі таңда бірқатар жобаларға басымдылық беріліп, іске асырылуда. Айталық, "Түркістан Агро XXI" ЖШС-нің "1200 бас ірі қара малға арналған заманауи тауарлы сүт фермасы" жобасының құны 3,6 млрд теңге, "1000 гектарға жаңбырлатып суғару, машина техника паркін ашу" жобасының құны 1,7 млрд теңге, "SPK-SAURAN" АШӨК-нің "10000 бас ірі қара мал бордақылау кешені" жобасының құны 7,4 млрд теңге, "1000 гектарға жаңбырлатып суғару әдісін ендіру" жобасының құны 1,5 млрд теңге, "KAZAGROPROJECT" ЖШС-нің "Жылына жылдық қуаттылығы 20 мың тонна етті бағыттағы құс фабрикасының" жобасы 12,9 млрд теңгені құрады. Сондай-ақ, бүгінде азық-түлік белдеуі шеңберінде жалпы жер көлемі 7,1 мың га құрайтын 1022 ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің тізімі анықталып, жаңбырлатып суару технологиясын ендіру арқылы мал азықтық дақылдарды өсіруді қолға алу жоспарлануда. Осы жылы аудан, қалаларда бірқатар ірі инвестициялық жобалар іске асырылады. Мәселен, Арыс қаласында "Turkestan Agro.kz" ЖШС-гі ағымдағы жылы австралиялық технологиямен "20 мың ірі қара мал басына арналған бордақылау алаңы", LINDSAY америкалық технологиясымен "6000 га жаңбырлатып суғару технологиясы" жобасының құрылысын бастауды жоспарлап отыр.

– Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруде бір алқаптан екі-үш реттен өнім алу әдісі жолға қойылды. Өзіңіз білесіз, оңтүстіктің көп жерлері шөлді болып келеді. Тамшылатып суару әдісі енгізгелі бұл қаншалықты жемісін беріп келеді?

– Сұрағыңыз өте орынды. Бұл әдіс тәжірибе көрсеткендей жанданып келеді. Биыл да шөлге төзімді жерлерге жаңадан технологиялар ендіру қолға алынады. Бір жерден екі-үш өнім алу бойынша 1185 жоба, мың гектар жерге шөлге төзімді израилдық технология енгізіледі. Әртараптандырылған егін жұмыстарына сай, бақша дақылдарының егіс көлемі өткен жылы 3,2 мың гектар алқапқа артты. Майлы және масақты дақылдар қысқартылып, есесіне мал азықтық дақылдар 11,6 мың га артып, 213 мың гектар алқапқа орналастырылды. Сонымен қатар, мақта дақылы да 12,7 мың гектарға қысқартылып, 118 мың гектар алқапқа егіледі. Бұл өткен жылдан 12,8 мың гектарға кем. Себебі, шитті мақтаның өткізу бағасы әлемдік нарықтағы мақта талшығының бағасына тікелей тәуелді. Сол себепті, әлемде мақта өнімі артық өндірілген жағдайда, оның сатылу бағасы күрт төмендеп, шаруалардың экономикалық жағдайына оң әсер етеді. Десе де, мақта талшығының экспорты жыл сайын артып келеді. 2018 жылы 43,7 тонна экспортталса, 2019 жылы Ресей, Өзбекстан, Белоруссия, ҚХР, Түркия, Молдова, Латвияға 88,4 мың тонна өнім экспортталды.

– Облыстағы көктемгі дала жұмыстары қалай жүріп жатыр? Ауыл шаруашылығы дақылдары қанша гектар алқапты алады және оның ішінде жаздық дақылдардың үлесі қандай?

– Осы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 825 мың гектар алқапқа орналастыру көзделіп отыр. Мың гектар алқапқа масақты дақыл, 30000 гектардан астам алқапқа жоңышқа, көкөністер 16,7 мың гектар, бақша дақылдары 19 мың га, картоп 8,5 мың га, мақсары 49,2 мың га, 0,77 мың гектар жерге жүгері егіліп, дала жұмыстары басталды. Ал 503,8 мың гектарға жаздық дақылдар межеленіп, бүгінде 179,0 мың гектары егілді.

– Үкімет тарапынан көктемгі дала жұмыстарына қанша тонна жанар-жағармай бөлінді?

– Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 37 мың тонна жанар-жағармай бөлінді. Ақпан-наурыз айына бөлінген 20 мың тонна жанармайдың құны толығымен төленіп, бес мың тоннасы тауар өндірушілерге босатылды. Босату бағасы сәуір айынан бастап литріне шаққанда 160 теңгені құрайтын болады. Бұл нарықтық бағадан 25 теңгеге арзан.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы