28 Қазан 2026, 16:48 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Нұрбақыт Теңізбаев: «Халықтық құрылыс» жобасы ауылдарда бұқаралық спортты дамытуға мүмкіндік береді

Депутат 2027 жылдан бастап іске асырылатын «Халықтық құрылыс» жобасы ауылдарда әлеуметтік нысандар салып, бұқаралық спортты дамытуға мүмкіндік беретінін айтты.

Құрылтай депутаты Нұрбақыт Теңізбаев Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауына қатысты пікір білдіріп, инфрақұрылымды дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру және бұқаралық спортқа жағдай жасау мәселелеріне тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Президент Жолдауында көтерілген міндеттерді жүзеге асыру – бәрімізге ортақ жауапкершілік. Экономиканы дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру, кәсіпкерлікті қолдау және жастарға жаңа мүмкіндіктер ашу бағытындағы жұмыстар жалғасуы керек, – деді ол.

Депутаттың айтуынша, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, әсіресе білім беру, спорт және мәдениет нысандарын салу – маңызды міндеттердің бірі.

Біз үшін балаларға қолайлы жағдай жасау маңызды. Оның ішінде ерекше қажеттілігі бар балаларға да қажетті инфрақұрылым болуы керек. Ауылдарда балалар спорт залдарын ашу, спортпен айналысуға мүмкіндік беру – бұқаралық спортты дамытудың бір жолы, – деді Нұрбақыт Теңізбаев.

Оның сөзінше, спорт нысандарының қолжетімді болуы шалғай ауылдардағы балалар мен жастардың да спортпен жүйелі айналысуына мүмкіндік береді.

Бұқаралық спортты дамыту арқылы халықтың салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасаймыз. Әсіресе шалғай ауылдарда спорттық инфрақұрылымның болуы маңызды. Бұл балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, спортқа қызығушылығын арттыруына ықпал етеді, – деді депутат.

Сонымен қатар Нұрбақыт Теңізбаев 2027 жылдан бастап іске асыру жоспарланған «Халықтық құрылыс» жобасына тоқталды.

2027 жылдан бастап «Халықтық құрылыс» жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Оның аясында жолдар, спорт кешендері, білім беру және мәдениет орталықтары, сондай-ақ басқа да әлеуметтік нысандар салу көзделген. Бұл ауылдардың дамуына серпін беріп, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді, – деді ол.