Бүгiн 2026, 15:13 Фото: otyrar.kz

Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс сотқа қашан жолданатыны белгілі болды

Қаңтардағы қайғылы оқиғаға қатысты тергеу аяқталу сатысына жетті.

Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталуға жақын, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Ішкі істер министрінің орныбасары Санжар Әділов Сенаттың кулуарында берген сұхбатында мәлімдеді.

Сондай-ақ ол атышулы іс бойынша тергеу қай кезеңде екеніне де тоқталды.  

Іс бойынша тергеу аяқталуға жақын. Аталған қылмыстық іске қатысты тергеу маусым айында аяқталады. Одан кейін іс материалдары сотқа жіберіледі, - деп нақтылады Санжар Әділов.

Еске салайық, биыл 11 қаңтар күні Шымкенттегі көпқабатты тұрғын үйдің маңынан 21 жастағы қыздың мәйіті табылған. Куәгерлер марқұмның денесінде пышақ жарақаттары болғанын айтқан. Полиция күдіктінің марқұммен бұрын таныс болғанын мәлімдеді.

Кейін 13 қаңтарда полицияның жедел-іздестіру шаралары барысында Шымкент қаласының 21 жастағы тұрғынды өлтірді деген күдікпен 28 жастағы ер адамды ұстады. Сот оны қамауға алу туралы шешім шығарды, тергеу «Адам өлтіру» бабы бойынша жүргізіліп жатыр.

Пышақ жарақатынан қаза тапқан қыздың туған ағасы әлеуметтік желіде мәлімдеме жариялап, болған оқиғаға қатысты отбасының ұстанымын жеткізді. Марқұмның ағасының айтуынша, Нұрай күдіктімен шамамен бір жылдай таныс болған. Оның сөзінше, ер адам кейіннен қызды алып қашқанымен, Нұрай қашып құтылған. Осыдан кейін күдікті оны аңдып, қоқан-лоқы көрсетуді жалғастырған.

Айта кетейік, бұған дейін Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы Нұрлан Алмасбеков резонанс тудырған студент Нұрай Серікбайдың өлімінен кейін қызметінен босатылған болатын. Сондай-ақ қалалық ПД басшысының бірінші орынбасары атқаратын лауазымдарынан босатылып, бірқатар лауазымды тұлғалар ішкі істер органдарынан қызметтен шығарылды.

Белгілі болғандай, Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалды. Аталған іс ҚР Қылмыстық кодексінің 125-1-бабы – «Неке қиюға мәжбүрлеу» бойынша қозғалған.

Сондай-ақ, депутат Мұрат Әбенов елді дүрліктірген оқиғаның қалай болғанын айтты.