Нұрай Серікбайдың өлімі: Алғашқы сот отырысы өтпей қалды
Адвокат келесі сот отырысы қашан өтетінін хабарлады.
Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша алғашқы сот отырысы өтпей қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров хабарлады. Оның сөзінше, сот отырысы сотталушының тұмауратып, дене қызуының көтерілуіне байланысты қорғау тарапы ұсынған медициналық анықтама негізінде өтпеген.
Сонымен қатар, жәбірленуші тараптың өкілі, адвокат Омаров Аянхан сот процесін тікелей эфирде көрсетуге және журналистердің қатысуына рұқсат беру туралы өтінішхат ұсынды.
Келесі сот отырысы 2026 жылғы 23 шілдеде сағат 15:00-де өтеді.
Жәбірленуші тарап сот процесінің барынша ашық өтуін қолдап, сот отырысын тікелей эфирде көрсетуге және БАҚ өкілдерінің қатысуына рұқсат беру туралы өтінішхат ұсынды. Алайда бұл өтініш бүгін қаралған жоқ. Ол келесі сот отырысында талқыланады, - дейді адвокат.
Еске салайық, 2026 жылғы 11 қаңтар күні көпқабатты тұрғын үйдің маңынан 21 жастағы қыздың мәйіті табылды. Куәгерлер марқұмның денесінде пышақ жарақаттары болғанын айтқан. Полиция күдіктінің марқұммен бұрын таныс болғанын мәлімдеді.
Кейін 13 қаңтарда полицияның жедел-іздестіру шаралары барысында Шымкент қаласының 21 жастағы тұрғынын өлтірді деген күдікпен 28 жастағы ер адамды ұстады. Сот оны қамауға алу туралы шешім шығарды, тергеу «Адам өлтіру» бабы бойынша жүргізіліп жатыр.
Пышақ жарақатынан қаза тапқан қыздың туған ағасы әлеуметтік желіде мәлімдеме жариялап, болған оқиғаға қатысты отбасының ұстанымын жеткізді. Марқұмның ағасының айтуынша, Нұрай күдіктімен шамамен бір жылдай таныс болған. Оның сөзінше, ер адам кейіннен қызды алып қашқанымен, Нұрай қашып құтылған. Осыдан кейін күдікті оны аңдып, қоқан-лоқы көрсетуді жалғастырған.