Нұрай Серікбай ісі: Кісі өлтіруші өмір бойына бас бостандығынан айрылуы мүмкін
Шымкент қаласында 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өлімі бойынша күдіктінің айыбы күшейтілді. Бұл туралы зардап шеккен тараптың адвокаты Сержан Нұрпейісов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Іс қазір 2-бөлімнің 5-тармағына сәйкес қайта қаралды – «Әсіресе қатыгездікпен кісі өлтіру», – деді адвокат.
Осы бап бойынша жаза – 15-тен 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына қамау, мүлікті тәркілеумен немесе онсыз.
«Кісі өлтіру», «Мәжбүрлі некеге салу» және «Сталкинг»
Енді қылмыстық іс бір уақытта үш бап бойынша қаралады:
• 99-бап, 2-бөлім, 5-тармақ – «Әсіресе қатыгездікпен кісі өлтіру»;
• 125-1-бап – «Мәжбүрлі некеге салу»;
• 115-1-бап – «Сталкинг» (қауіп төндіру, бақылау жасау).
Еске салсақ, 2026 жылғы 11 қаңтар күні көпқабатты тұрғын үйдің маңынан 21 жастағы қыздың мәйіті табылған. Куәгерлер марқұмның денесінде пышақ жарақаттары болғанын айтқан. Полиция күдіктінің марқұммен бұрын таныс болғанын мәлімдеді.
Кейін 13 қаңтарда полицияның жедел-іздестіру шаралары барысында Шымкент қаласының 21 жастағы тұрғынын өлтірді деген күдікпен 28 жастағы ер адамды ұстады. Сот оны қамауға алу туралы шешім шығарды, тергеу «Адам өлтіру» бабы бойынша жүргізіліп жатыр.
Пышақ жарақатынан қаза тапқан қыздың туған ағасы әлеуметтік желіде мәлімдеме жариялап, болған оқиғаға қатысты отбасының ұстанымын жеткізді. Марқұмның ағасының айтуынша, Нұрай күдіктімен шамамен бір жылдай таныс болған. Оның сөзінше, ер адам кейіннен қызды алып қашқанымен, Нұрай қашып құтылған. Осыдан кейін күдікті оны аңдып, қоқан-лоқы көрсетуді жалғастырған.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы Нұрлан Алмасбеков резонанс тудырған студент Нұрай Серікбайдың өлімінен кейін қызметінен босатылған болатын. Сондай-ақ қалалық ПД басшысының бірінші орынбасары атқаратын лауазымдарынан босатылып, бірқатар лауазымды тұлғалар ішкі істер органдарынан қызметтен шығарылды.
Белгілі болғандай, Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалды. Аталған іс ҚР Қылмыстық кодексінің 125-1-бабы – «Неке қиюға мәжбүрлеу» бойынша қозғалған.