Нұр-Сұлтаннан Жидебайға дейін. Салт аттылар ШҚО шекарасына кірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 25 маусым күні жергілікті жұрт «Алғабас» деп атайтын, өзіміз таңғы бесте әрең тапқан Доғалаң ауылынан түс қайта аттандық. 

Себебі кешегі таңғы беске дейін жүрген жүрістен соң аттарды біраз демалтуға тура келді. Әрі Доғалаң мен Қайнар ауылының арасы тым алыс емес. Небары 35-40 шақырым жер. 


Қайнарда бізді Еркебұлан Шәріпханов ағамыз күтетін болған. Еркебұлан өзі де ат десе ішкен асын жерге қоятын азамат. Еліміздің шығысынан батысына дейін салт атпен сапар шеккісі келеді. Бізді табыстырған осы салт аттылар сапары. 

Алайда бізді іздеп Доғалаң ауылына Айдар есімді азамат келіпті. Арнайы біз ұшін келген, жол көрсетіп, Қайнар ауылына дейін алып қайтпақ. 


Таңертең тұрған соң аттарды суарып, дәрі ектік. Аттарды сергітіп, әл беретін дәрі алыс жолда жақсы көмектеседі.
Түстен кейін жолға шықтық. Бізді ауылдан балалар шығарып салды. Айдар алға түсіп, көлікпен бізге бағдар беріп отырды. 

Жолда «бестің шәйін» іштік. Тағы да жаңбыр басталды. Не жауған емес, не қойған емес, тап бір күздің күні секілді суық ақжауын. 


Күн кешкіріп барады. Өзіміз де кеш аттанған едік, түнге қалмасақ неқылсын?! 

Жер бедері өзгерді. Павлодар облысында жердің шаңы шығып, қурап жатқан, Қарағанды облысының аумағы, Қарқаралы жері құйқалы, шалғынды, сарысы көп еді. Енді жер тасты, көдесі көп, сиыркөзі мол, бұйырғынды далаға айналып барады. 


Кешегі болдырып қалған Байшұбар жетекке жүруге жарап қалыпты. Жауын әлі басылған жоқ. Түн болды. Алдымыздағы машинаның жарығына бағыттап келеміз. 

Сағат түнгі 23:00-де Бассақал деген жерде отырған қыстаққа жеттік. 


Шағын ғана шаруашылық екен. Аттарды сол жерге қойып, өзіміз Қайнар ауылына бардық. Еркебұлан ағамыз дастархан жайып күтіп отыр екен. 

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Бозоқ-Жидебай бағытында жолға шыққан салт аттылар сапарының бас ақпараттық демеушісі – BAQ.KZ ақпарат агенттігі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы