Нұр-Сұлтаннан Жидебайға дейін. Салт аттылар 1000 шақырымды бағындырды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Ұлттық Ат туризм федерациясы ұйымдастырған 1000 шақырымдық салт аттылар көпкүндік экспедициясы Жидебайға жетті.
20 күнге жалғасқан сапар Елорда маңындағы Бозоқ қалашығының орнынан бастау алған болатын. 29 маусым күні экспедиция мүшелері Жидебай жеріндегі Абай мен Шәкерім кесенесіне ат басын тіреді.
Әйгілі Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы «Үш күндік сапардың соңғы күніне бала шәкірт барын салды» деп басталатын еді ғой. Тура сол секілді, 20 күндік сапардың соңғы күніне біздің аттар да барын салды.
Таңғы сағат 5-те Қоңыр әулие үңгірінен аттанған экспедиция мүшелері Шыңғыстау тауларын аралап отырып, әуелі Медеу ауылына келдік. Шыңғыстаудың ең әсем жерінде орналасса да 50 үйлік жүдеу ауылдан шаңқай түсте ат суарар құдық сұрайтын адам табу қиын болды.
Қасымызда жер жағдайын, ел жағдайын таныстырар жан болмаған соң жүрген сайымыздың, өткен жырасыздың, ат шалдырған жазықтың қалай аталатынын білмедік.
Бұны білу біз үшін маңызды еді. Себебі бір кезде Қарқаралы мен Жидебай арасына Құнанбай қажы да, Абай да талай жүрді ғой. Бәлкім біз де сол жолмен жүріп келе жатқан шығармыз, мүмкін.
Осы сапарда бір байқағанымыз — су мәселесі. Осынша ұлан-ғайыр далада су табу қиын. Өзіміз керек суымызды атқа артып, қанжығаға байлап алсақ та, ат суарар су табу қиынға түсті.
Шыңғыстау ішінде атымыз шөлдеп, жүріс өнбей келе жатып, бір қыстаққа кез болдық. Құдығы бар екен. Қол насоспен су тартып, ат суардық. Алайда мейірі қанып іше алмады.
Медеу ауылынан өтіп, 5-6 шақырым жүрген соң алдымыздан бір мотоцикл мінген адам жолықты. Қолымыздың оң жағында бір шаруашылықтың қыстағы тұр еді. Соның иесі екен. Үйге барып шай ішіп, ат суарып алуымызды өтінді. Күн кешкіріп бара жатса да ақкөңіл қазақтың ұсынысынан бас тартпадық. Кесене көзге көрініп тұрса да, әлі 25 шақырымнан астам жол.
Момынсайда отырған Заңғар атты момын қазақ барын алдымызға тосып, шәйін берді. Шекеміз жіпсіп отырып екі шәйнек шәй іштік.
Аттар да су ішіп тыңайып қалған екен, қайтадан жолға түстік.
Көрініп тұрған дүниенің жеткізбей кететін әдеті. Десе де, «Көрінген таудың алыстығы жоқ» деп жылжи бердік.
Сонымен діттеген жерге түнгі сағат 1-де жеттік. Біз қанша жәй келсек те, Абай ауданы Мәдениет басқармасының басшысы Елдар Оразалин, Кеңгірбай би ауылдық округі әкім Дархан Амангелдин бастатқан ауыл адамдары әлі күтіп тұр екен. Мақсат орындалды. Ертең түс қайта кері қайтамыз.
Естеріңізге сала кетейік Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ұлттық Ат туризм федерациясының ұйымдастыруымен Бозоқ-Жидебай салт аттылар көпкүндік экспедициясының бас ақпараттық демеушісі BAQ.KZ ақпарат агенттігі.