Нұр-Сұлтаннан Жидебайға дейін. Бұқар жырау басында

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 19 маусым күні таңертең Жаңатілек ауылының әкімі Қуаныш Шалбаев экспедиция мүшелеріне сәт-сапар тілеп, өзі ауыл тұрғындарымен бірге тасаттық беруге кетті. Біз Бұқар жырау кесенесін бетке алып жолға шықтық. 

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ұлттық ат федерациясы ұйымдастырған Нұр-Сұлтаннан Жидебайға дейін баратын тарихи экседиция мүшелері бүгін 30 шақырым жол жүріп, Бұқар жырау кесенесіне бару керек. Бұл бағдар осы сапар барысындағы ең жақын қашықтық. 


Сонымен Жаңатілектен жолға шықтық. 


Қарсы жауған жаңбырға қарамастан аттар ширығып, жақсы жүріп келеді. Айкен тауына іліктік. Алыстан бір шаруашылық көрінді. Экспедиция жетекшісі Берік Ақылбеков бұрыла кетейік деді. 


Шаруашылық қызметкері Мұрат деген азамат қарсы алды. 

Қайда барсаң да дайын тұратын қазақтың дастарханы бұл үйде де алдымыздан шықты. Сары қымыз сапырылып, күрең шай келді алдымызға. 


Біздің елде әлі толық дамымаған күн электр энергиясын осы шаруашылық жанынан көрдік. 


Қанжығамызға қымыз құйған құтыларын байлап беріп, Айкен тауынан асар жолды көрсетіп жіберді. 


Айкеннен асқанда алдымыздан Ертісбай қыстағы көрінді. Мұнда да қытай мотоциклін мінген малшылар жүр. 


Жер күдір. Аттар әрең жүреді. Біз үшін бір жақсысы - жердің құрғақтығы. 2019 жылғы сапарда айналып өтіп, не ат бауырынан саз кешкен жерлер биыл қағы шығып жатыр.

Дегенмен бүгінгі жаңбыр дым бүріккендей әсер етіпті. Алыстан, солтүстік шығыс жақтан кешегі өрттің орны қарақожалақ болып көрініп жатыр. Сөндіріліпті әйтеуір. 


Бұқар жырау кесенесінде бізді Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының Мәдениет және құжаттама басқармасының басшысы мен Бұқар жырау ауылының әкімі қарсы алды. Ауыл әкімі Ерлан Өзденов экспедиция мүшелері атынан Бұқар жырау аруағына бағыштап құрбан шалды. 


Сонымен қатар салт аттылар кесене жанындағы Бұқар жырау музейін және шағын кітапхананы аралап, тілек кітапшасына қолтаңбаларын қалдырды. 


Біз кесененің шырақшысы Әлихан Уәлиевтің үйіне қондық. Ертең Бұқар жырау кесенесінен Қоянды жәрмеңкесінің жұртына қарай жолға шығамыз. Бұл бағдар осы сапар барысындағы ең алыс жол болмақ. 90 шақырымға таяу. 


Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Нұр-Сұлтан қаласынан Жидебайға дейін баратын тарихи сапардың бас ақпараттық демеушісі - BAQ.KZ ақпарат агенттігі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы