Нұр-Сұлтаннан Жидебайға дейін. Әміре Қашаубаев туған жұрт
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 26 маусым күні Бассақалда аттарды демалттық. Алдағы үш күндік сапар да ауыр.
Жігіттер де ұйқыны қандырып, біраз сергіп қалды.
Бассақалдан бізді Тоқтамыс ауылына дейін Еркебұлан Шәріпханов ертіп баратын болды. Жолбасшылар эстафетасын Доғалаңнан алып келген Айдар Еркебұланға тапсырды. Таңғы 7-де атқа қондық. Алда 65 шақырым жол бар. Кілең тау ішімен өтетіндіктен, жол ауыр болуы кәдік. Бір күн демалғанға аттар әжептәуір қунап қалыпты.
Еркебұлан Хамитұлы осы өңірді біраз жыл басқарған, елдің жайы, жердің жағдайы, өлке тарихынан біршама хабардар азамат екен. Жол бойы әр таудың, әр мекеннің тарихынан мәлімет беріп отырды.
Анау әйгілі сынақ алаңына айналған Дегелең тауы, анау сол сынаққа тәжірибе құрбанына айналған 42 азаматқа орнатылған белгі. Мінеу жерде Қайнар өлкесіне белгілі петроглифтері бар. Ал ана тұрған әйгілі «Жансебіл» фильміндегі Абыралы ауылы. Қазір ауылда 50-ге жетер-жетпес түтін қалған.
Әңгімемен отырып Қызылтас жайлауындағы Еркебұланның шаруашылығына қалай жеткенімізді байқамай қалыппыз.
Өлке тарихына, «Қайнар қасіретіне» қатысты әңгімені толығырақ Еркебұлан Хамитұлымен болған сұқбатымыздан білетін боласыздар.
Кешеден бері бізге қызмет қылып, ас-суысызды дайындап берген Еркебеланның үйіндегі Сәуле әпкеміз шаруашылық басына келіп, бізге түстік дайындап қойыпты. 25 шақырым жердегі Қайнардан бізге түскі ас дайындап беру үшін келген әпкемізге дән риза болдық.
Біз түскі ас ішіп жатқанда Қайрат есімді азамат келді. Осыдан 20 шақырым жердегі көрші қыстақтың иесі екен. Ас қамдап, монша жағып, қымызын сапырып, біз келеді деп дайындап қойғанын айтты. Тіпті ыңғайы келсе бүгін өз қыстағында қонақ болдырмақ ойы барын да жеткізді.
Біз жол кеспей-ақ қояйық, қыстаққа бара көрейік дестік.
Қызылтастан аттанып, Бәйеш қыстағындағы бізді күтіп отырған шаруашылыққа бет алдық.
Расында Бәйештегілер сақадай сай отыр екен. Кешкі сағат 18:00-де келген едік, ас ішкен соң аттанып кетуді ұйығардық. Үй иелері де бізді жолдан бөгемеді.
Дастархан басында шаруашылық басшысы Нығметолла Төлтаев бұл қыстақтың тарихына тоқталды.
Қыстақ тура әйгілі әнші, Парижде ән салған тұңғыш қазақ Әміре Қашаубаевтың кіндік қаны тамған жер екен. Тіпті, Әміренің балалық шағы өткен қыстағының жұрты да осында. Ал Әміре ат суарып, жағасында өскен «Әміре бұлағы» да тиіп тұр.
Қайнар-Сарыжал грейдерінен 1.5 шақырым жердегі тарихи орынды біз бұрын білмейтін едік. Осы жолы көзімізбен көріп, ат шалдырдық. Біздің салт аттылар сапарының басты мақсатының өзі де осындай еді. Әміре қыстағын белгілеп, картаға енгіздік (кординаты: 49.220305, 78.070537).
Әміре Қашаубаевтың туған жеріне тап болу біз үшін үлкен жаңалық болды. Алдағы уақытта да мұндай мекендерді кездестіріп қаламыз үміттеміз.
Нығметолла бұл жерге арнайы белгілі орнатып, жолайырыққа нұсқаушы-бағдар қойып, туристік орынға айналдыратынын айтты. Біз де ісіне сәттілік тілеп, атқа қондық.
Әміре қыстағынан Тоқтамыс ауылына дейін 21-22 шақырым жол бар.
Еркебұлан бізді діттеген жерге дейін жеткізіп тастауға, бірге аттанды.
Кешкі сағат 21:00-де жолға шықтық. Есебіміз бойынша 23-23:30 да Тоқтамысқа жетуіміз керек еді. Жолда экспедиция ақсақалы Таңжарық Керемқұловтың мінген Ақбозы бұрлығып қалды. Тағы да жүріс баяулады. Күн кешкірді. Ай туа қоймағандықтан айнала алакөлеңке, соқырқойлап бір соқпақ тауып алып, соның сорабынан жаңылмауға тырысамыз.
Тоқтамыс ауылы Шаған өзенінің жағасында, Ақтастың етегінде екен. Тура үстінен түспесең, не жолды нақты білмесең жобалап, көзмөлшермен тауып алу қиын.
Ауылды тауып алуға Еркебұланның көмегі көп болды. Ол бұған дейін де бұл ауылға бірнеше рет келген екен. Оның үстіне балалық шағы осы өңірде өткен.
Сонымен болдырған атты жетелеп, түнгі сағат 1-де Тоқтамысқа табан тіредік.
Ауыл маңында атарқан жоқ.«Тіс шұқитын қылтан жоқ» дейтіннің нағыз өзі екен. Амалсыз аттарды таңасыруға тура келді. Таңға дейін бір ұйқының уақыты ғана бар. Қоржындағы бидайды бөрттырып тастап, жата қалдық. Аттар қаңтарулы тұр.
Естеріңізге сала кетейік Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Бозоқ-Жидебай бағытындағы салт аттылар сапарының басты ақпараттық демеушісі BAQ.KZ ақпарат агенттігі.