Нұр-Сұлтаннан Жидебайға дейін. 15 шақырымнан шай алып шыққан жігіт

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 17 маусым күні ат тынықтырған жігіттер келесі күні Жасыбай көлінің жағасынан Жаңатілек ауылына аттанды. Екі орта 45-50 шақырым. 


Қазақстанның тұмса табиғаты қайсы десе, бірден Баянауыл ормандарын көрсетуге болады. Оның сыртында қыздың жиған жүгіндей тақта-тақта тастары көздің жауын алады. Осы бір табиғат ананың өз қолымен қашаған сұлулығына тамсанбау мүмкін емес. 


Көркем көл, көрікті орман, көгілдір таулар кімді болсын өзіне еріксіз тәнті ететіндей. 

Жасыбай жағасындағы таң да ерекше сұлулығымен атты. Бүгін салт аттылар осы сапардағы ең қиын асудан асады. Ол — Баянауыл тауларын басып өтіп, Қаражар, Қызбейіті, Жаңатілек бағыты. 

Бүгін Нұр-Сұлтаннан бері бірге келе жатқан Қайрат Әділкешов, бізді Сарыобада қуып жеткен Арман Сапаров және Бұйратау ҰТП-де қосылған Айдар Махметов елордаға қайтты. Жігіттер бізді осы Жасыбай жағасына дейін шығарып салуды ұйғарған болатын. 

Біз сапарды ары қарай жалғастырдық. 


Баянауыл өңірінің көркіне сүйсініп, әңгімемен келе жатып, тау арасындағы бұрылыстан өтіп кетіппіз. 4 шақырымдай жүрген соң тұйыққа тірелдік. Қайта артқа жүруден басқа амал жоқ. 


Баянауыл тауларының арасымен бұған дейін де бір рет 2019 жылы жүргенбіз. Көңілге ерекше ұялаған жерлер көзге оттай басылады. Өткен сапардағы сол жерге қатысты оқиғалар еске түсіп жатыр. 


Баянауыл тауларына енді иек арта бергенде артымыздан бірнеше көлік қуып жетті. Олар да экспедициямен жүргендер екен.«Номад» авто-саяхатшылары Baytak Dala-Babalar murasy этнографиялық экспедициясы Қазақстанның орталық аймақтарын аралап жүр екен. 


Басқарушы - Мирам Байкенов. Сонымен бірге ұлттық тарихи-мәдени және Ұлытау табиғи қорық-мұражайының өкілдері бар. Бізге ертіп келген белгілі фотограф, 2019 жылы бізбен бірге Нұр-Сұлтан — Баянауыл сапарында болған Дмитрий Ругис екен. Бұл сапар жайлы Дмитримен жасаған сұқбатта толығырақ айтамыз.


Баян таулары таусылған жерде қарсы алдымыздан Қызыләскер ауылы көрінді. Ал бізге Қаражар ауылы керек. Онда кешеден бері бізге қызмет етіп жүрген Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары Руслан Мұқашев түскі асқа шақырған еді. 

Біздің жолда адасқанымыз бар, тау жолының қиындығы бар түскі астан біраз кешігіп келеміз. Қаражар ауылына дейін әлі 10 шақырым жол бар. 


Біз жол бойындағы Бутаков шаруашылығының маңына келгенде алдымыздан Руслан бастаған жігіттер дайын ас алып шықты. Сол жерде шаруашылық басшысы Володия деген азаматқа айтып, аттарды шөпке кіргіздік те, дала дастарханын жайдық. 


Бутаковтан шыға берісте күтпеген кездесу болды. Бұған дейін 2019 жылы бізбен бірге Нұр-Сұлтан — Қорғалжын сапарына және Қаныш Сәтбаев ауылынан Бұқар жырау кесенесіне дейінгі сапарға бірге барған Қаныш Сәтбаев ауылындағы орта мектептің директоры Төлеген Ақаевқа жолығып қалдық. 


Сапарларыңыз сәтті болсын! Сіздермен бірге тым болмаса бір күн бірге жүргім келіп еді, жұмыстан босай алмадым, айып етпеңіздер. Бұл - нағыз тарихи сапар. Қазақтың өздеріңіздей азаматтары көп болсын, - деп сәт-сапар тіледі Төлеген. 

Түскі ас ішкен шаруашылық аумағынан оншақты шақырым ұзаған соң бір мотоцикл көлденеңдеп келіп кездесті. 


Өзін Болат деп таныстырған жігіт Егіндібұлақ ауылынан екенін, үйіне барып шай-тамақ ішіп, қонақ болуымызды өтінді. Әрине, біз қуана-қуана барар едік, алайда Жаңатілек ауылында күтіп отырған адамдар бар. Көңіліне рахмет айтып, өз жолымызға түстік. 

Ат үстіндегі әңгімемен әлгі кездескен жігіт жайлы ұмытып кетіппіз. 


Жаңатілек ауылына таяп қалғанда жолдың оң жағында Тұзкөл атты көл бар. Сол көлге жақындағанда артымыздан тағы бір мотоцикл қуып жетті. Ары-бері өтіп жатқан «шайтан арба» көп әрі қазір малшының бәрі малын осы бір қытайлық техникамен бағатын болған. Сондықтан да артымыздан келген көлікке аса көңіл бөле қойған жоқпыз. 

Алайда бағана кездескен жігіт екенін таныдық. Артына ағасының баласын мінгестіріп, екі шәйнек (термос) шайын, нан мен сары майын, қантын алып қуып жетіпті. 

Жол азабын жүрген біледі. Өзім де талай жерде жүрдім. Алыс сапарда алдыңнан бір шыны шай алып шыққан жанды туысыңдай көресің. Бағана сіздерге жолыққан соң, үйге барып, келіндеріңізге шай қойдырдым. Ол да үйге неге ертіп келмейсің деп жатыр. Самаурын қайнағанша 15 шақырым жүріп қойыпсыздар, — дейді аңқылдаған қыр қазағы. 

Мына жағдайды көргенде еріксіз көңіл толқыды. Көкірегімізге бір ерекше сағыныштың, тазалық пен қазақ болғаныңа деген мақтаныштың өксігі толады. 

Қазақтан басқа кез келген ұлттың дәл бұлайша бәлен шақырымнан кейін артыңнан шай алып келуі неғайбыл жағдай. 

Көңіл толқытқан кездесуде Болаттың көңіліне тойып, пиғылына риза болдық. 


Бұдан кейінгі жолдың өзі ширап, жер қысқарып кеткендей көрінді. 

Біз Жаңатілек ауылына келгенде алдымыздан ауыл әкімінің орынбасары қарсы алды. Әкім Қуаныш Шалбаев өңірде тұтанған өртті сөндірісуге кетіпті. 

Біз жайғасқан соң біраз уақыттан кейін келді. Қуаныштан дала өртінің жай-күйінен хабардар болдық. 


Кешкі астан соң ертеңгі сапарға дайындалып, аттарды суарып, шөпке қойдық. Ертең Жаңатілек ауылынан Бұқар жырау кесенесіне дейінгі жол күтіп тұр. 30 шақырымдық жол, осы экспедициядағы ең қысқа қашықтық.

Естеріңізге сала кетейік, еліміз тарихындағы 1000 шақырымдық тұңғыш сапардың бас ақпараттық демеушісі BAQ.KZ ақпарат агенттігі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы