Нұр-Сұлтанда театрлар арасында волейболдан турнир өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен «Жастар» театрының 15 жылдық мерейтойына орай Қазақстан театрлары арасында волейболдан турнирі өтті.
Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.
Театр кеңістігінде дара жолымен танылып, талай өнер додаларында үздіктер қатарынан көрінген елордалық «Жастар театры» биыл өзінің 15 жылдық мерейтойын тойлайды.
Осыған орай, өнер ұжымы еліміздегі театрлар арасында волейболдан турнир өткізуде.
Старт алдында Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Берік Жакенов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Іс-шараның негізгі мақсаты – өнердегі әріптестермен достық қарым-қатынасты нығайту және салауатты өмір салтын ұстануды насихаттау.
Биыл «Жастар» театрының 15 жылдығы. Осы орайда, елордада волейболдан керемет турнир өтіп жатыр. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне, Мәдениет басқармасына алғысымызды білдіреміз. Қаншама театрдың басын қосып, әдемі іс-шара ұйымдастыру – салауатты өмір салтын насихаттау. Денсаулық – ең басты байлығымыз. Мақсат – бірінші орынды алып, кубокты жеңіп алу емес, жүздесіп, дидарласып, әдемі көңіл-күй сыйлау, – деді «Жастар» театрының директоры Әділ Ахметов.
Спорттық іс-шараға 10 команда қатысты. Сайысқа қатысушылардың ішінде инклюзивті, яғни ерекше жандардан құралған команда да бар.
Биыл «Жастар» театрына 15 жыл. Осыған орай, Мәдениет басқармасы волейболдан жарыс ұйымдастырды. Жарыста 10 команда бақ сынап жатыр. Олардың қатарында «Қанаттылар» инклюзивті театры да бар. Біз үшін бұл үлкен жетістік, – деді Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Санат Шапашов.