Нұр-Сұлтанда «Құстар» саябағы ашылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада биыл жазда жаңа бағыттағы қоғамдық кеңістік ашылады. «Құстар» саябағы қаланың тарихи бөлігінде – Желтоқсан, Сейфуллин, Бейбітшілік және Омаров көшелерінің аралығында – №1 қалалық емхананың жанында орналасады, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

 

Қала тұрғындарының біраз бөлігі көгершіндерге жем беруді ұнататынын ескере отырып, жаңа саябаққа бірнеше құс ұясы орнатылмақ.

Елорданың урбанистика орталығы жобалау кезінде жалпықалалық демалыс аймағын ашу ісіне басымдық берді: құстарға жем шашуға арналған орындар, сол сияқты кедергісі жоқ тыныш аймақ құру.

Жаңа кеңістіктің кіреберіс тұстарын гирляндалармен безендіру жоспарланып отыр. Алаңның барлық аумағында әртүрлі мағына беретін шамдар орнатылады. Ал тротуарлардың бойына түрлі орындықтар қойылады. Сондай-ақ саябақтың ортасына гүлзары бар көлеңкелі шатырды орналастыру жоспарда бар. Қоғамдық кеңістіктің бос тұстарына ағаш отырғызылады, – делінген хабарламада.

Айта кетейік, биыл елордада 250 аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандыру жоспарланған. Ал «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары аясында қала әкімінің тапсырмасы бойынша 500-ден астам аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылмақ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы