Нұр-Сұлтанда полиция автопаркі патрульдік көліктермен толығады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда әкімі Алтай Көлгінов өзінің Instagram-дағы парақшасында полицейлердің жайлы жұмыс істеуі үшін қабылданып жатқан бірқатар шаралар туралы айтты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Құрметті елорда тұрғындары мен қонақтары! Сіздерді 7 мамыр - Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет Қарулы күштер ардагерлері мен барлық әскери қызметшілерді жан-жақты қолдауға, әскери саланы дамыту мен жетілдіруге, елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға ерекше көңіл бөледі. Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні қарсаңында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановпен және Ішкі істер министрі Марат Ахметжановпен бірлесіп "Естелік қабырғасын" ашты. Мемориалдық кешен Жеңістің 77 жылдығына орай және Отанымызды қорғап, батырлық пен ерлік көрсеткен ішкі істер органдары қызметкерлерінің құрметіне салынды, – деді елорда әкімі.
Сөзінше, әкімдік тарапынан қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін және қала күзетінде тұрған тәртіп сақшыларының қолайлы жұмыс істеуі үшін бірқатар шаралар қабылданады.
Бірінші, ЖПҚ жалақысын көтереміз. Ағымдағы жылы жергілікті полиция қызметі қызметкерлерінің жалақысын көтеруді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, "Байқоңыр" және "Сарыарқа" аудандарында жеке ғимараттар беріліп, Есіл ауданының полициясы үшін және полиция департаментінің бөлімшелері үшін ғимараттар салынды. Екінші, Материалдық-техникалық қамтамасыз ету. Ағымдағы жылы ДП-ға тағы 54 патрульдік автокөлік сатып алып, беруді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар 3 жыл ішінде 140-қа жуық патрульдік автокөлік, 1600-ге жуық электронды техника сатып алынды. Үшінші, "Қадамдық қолжетімділік. Қауіпсіз қала" жобасы. Өткен жылдың басынан бері қала бойынша 10 модульдік және 12 учаскелік полиция пункті орнатылды. Биылғы жылы тағы 5 учаскелік пункт жоспарланған. Сонымен қатар, камераларға құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде маңызды рөл беріледі. Ағымдағы жылы тағы 1,5 мыңға жуық камера орнатуды жоспарлап отырмыз. Барлық аталған шаралар қала тұрғындарына жедел көмек көрсетуге, құқық бұзушылықтардың жолын кесуге және деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді. Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, ашық аспан тілеймін, – деп жазды Алтай Көлгінов.