Нұр-Сұлтанда полицейлер синтетикалық есірткі сатқан 21 жастағы жігітті ұстады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда полицейлері синтетикалық есірткіні өткізген 21 жастағы жігітті ұстады деп хабарлайды Polisia.kz.
«Қарасора-2021» ЖПІШ шеңберінде полицейлер елорда аумағында есірткі және психотроптық заттарды өткізумен айналысатын адамдарды анықтау және олардың іс-әрекетінің жолын кесуге бағытталған мақсатты жұмыс жүргізуде.
Полицейлер жедел-іздестіру іс-шаралары барысында теміржол вокзалында есірткіні өткізгені үшін 21 жастағы қала тұрғынын ұстады. Күдіктінің жалдамалы пәтерін тінту барысында электронды таразы, есірткіні буып-түюге арналған 350 дана полиэтилен пакеті, 255 000 теңге ақшалай қаражат, сонымен қатар, өткізуге дайындап қойған синтетикалық есірткі тәркіленді.
Тәркіленген есірткі 90 рет қолданылатын дозаға буып-түйілген. Оны күдікті қала аумағында өткізбекші болған. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Күдіктіге ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі бойынша айып тағылуда.
Күдікті Нұр-Сұлтан қалалық ПД УҰИ қамауға алынды.