Нұр-Сұлтанда «Өнер көкпары» турнирі өтуде
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 3-4 шілде күндері Нұр-Сұлтан қаласында «Өнер көкпары» республикалық турнирі өтеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жоба жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Досымжан Таңатаров хабарлады.
Биыл жарысқа 10 адамнан тұратын 9 команда қатысады. Жүлде қоры белгіленді. Талап бойынша командада кемінде екі танымал жұлдыз болуы керек. Оның ішінде әншілер, ақындар, актерлар, бишілер де бар. Қазір ойындар болып жатыр. Бүгін айтыскерлер Айбек Қалиев пен Бекарыс Шойбеков бастаған Түркістан мен Қостанай командалары жарысқа түседі. Шараға қатысушылар, көкпар тартып қана қоймай, әр өңірдегі өнерлі азаматтар бір-бірімен танысып, араласады. Бұл да турнир мақсаттарының бірі, – деді жоба жетекшісі.
Алдағы уақытта өнер жұлдыздары арасында «Аударыспақ», «Жамбы ату», «Теңге ілу», актерлер мен актрисалар арасында «Қыз қуу» өткізу жоспарда бар.