Нұр-Сұлтанда қысқы демалысты қайда өткізуге болады?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада көңіл көтеретін мұз айдындары, сырғанақтар қайда орналасқаны туралы елорда әкімдігі жазды.
К.Ататүрік атындағы саябақта шаңғымен және сноубордпен сырғанауға арналған елордадағы алғашқы «NUR-SULTAN SNOWPARK» төбешігі орналасқан. Ғимараттың ауданы 720 шаршы метрден асады, ұзындығы – 40 метр, ені – 18 метр. Сондай-ақ саябақта биіктігі 18 метр жасанды шырша, «Аяз Ата мен Ақшақар» мүсіні орнатылған. Олар жиналған жұртқа мерекелік көңіл-күй сыйлайтыны анық.
Есіл өзенінің үстінде жалпы ауданы 2 400 шаршы метрден астам мұз айдыны орналасқан. Парк аумағында конькилер мен сноубордтарды жалға беру, ыстық сусындар сату және жылыту орындары күнделікті жұмыс істейді.
Одан бөлек, «Жастар» сарайының жанында биіктігі 5 метр және ұзындығы 12 метрден астам төбешік орнатылған. Мұнда да 630 шаршы метр мұз айдыны бар.
Абай даңғылындағы «Жазушылар» аллеясында Аяз ата мен Ақшақар, сол сияқты 15 метрлік шырша, ақ ұлпа қар түріндегі жарық өткелі, «жаңа жылдық сыйлықтар» композициясы, «Шар» жаңа жылдық ойыншығының кіші сәулеттік формасы жарқырап, алыстан менмұндалайды.
Ақбидай көшесіндегі «Өндіріс» тұрғын алабындағы саябақта да осындай мерекелік атмосфера орнаған: мұнда қысқы ойын-сауықты ұнататындар үшін ұзындығы 3 метрлік жалпы көлемі 10 метрге созылған төбешік орнатылған. Кемеңгерұлы 8/1 көшесіндегі тұрғын үй кешенінің ауласында ауданы 800 шаршы метрді құрайтын мұз айдыны пайда болады. Чехоев және Жолымбет көшелерінің қиылысындағы сквер ауданындағы «Кирпичный» тұрғын үй алабында ауданы 300 шаршы метр мұз айдыны орнатылған. Досмұхамедұлы көшесіндегі үйлердің аулаларында «Казгородок» тұрғын алабында биіктігі 2,5 метр және ұзындығы 6 төбешік орнатылған.
Бос уақытты Алматы ауданында да көңілді өткізуге болады. Мұнда 10 түрлі алаң (оның ішінде 4-еуі тұрғын үй алаптарында) орналасқан, онда 9 мұз айдыны, 4 конькимен сырғанайтын және тюбинг айдыны, 4 кортпен сырғанайтын мұз айдыны және 2 кентте мұз айдыны бар.
Триатлон парктегі «М-1» көпірінің астындағы жұртшылыққа арналған орын да қала тұрғындарының назарын өзіне еріксіз аударады. Саябақтың көркін арнайы орнатылған 9 матчтық жарық та арттырып тұр. Демалыс орындарын жайластыру бойынша жұмыстар жүргізілді.
Жылынуға арналған күркелер, әткеншектер орнатылды, сондай-ақ спорттық «Workout» алаңдары ұйымдастырылды. Бұл шаруашылықтың барлығы қыс мезгілінде толықтай жұмыс істейді. Жақын маңайда орнатылған көпірдің айналасында да сырғанақтар, түрлі мүсіндер және шағын сәулеттік формалар орнатылған.
Сол сияқты тақырыптық декорациялары бар фотозона да қарастырылған.
Президенттік саябақтың басты назар аударарлық орынның бірі – 6 адамның бір мезетте сырғанауына мүмкіндік беретін, жалпы өлшемі 20 м х 40 м мұз айдыны. Оның жалпы ауданы 800 шаршы метрге тең. Жаңа жылдық дәстүр бойынша қонақтарды қасқыр, аю, бұғы, қоян және басқа да жануарлар түріндегі мүсіндер қосымша орнатылған. Конькилерді жалға беретін, сондай-ақ қоғамдық тамақтандыру пункттері жұмыс істейді.
Ақбұлақ өзенінің жағалауы да ертегіде жүргендей әсер қалдырады. Мұнда күн сайын жүздеген тұрғын мұз айдыны мен биік сырғанақтың үстінде асыр салып серуен құрады. Сырғанақтар мұздан құйылған кірпіштермен қаланған. Оның биіктігі – шамамен 10 метр. Өзен бетіндегі мұз айдыны 8000 шаршы метрді алып жатыр.
Ең үлкен төбешіктердің бірі Қазақ Елі монументінің алдындағы алаңда орналасқан. Төбешіктің биіктігі – 13 метр, ұзындығы – 35 метр. Мұнда 3600 шаршы метрлік мұз айдыны бар.
Есіл ауданында «EXPO-2017», «Хан Шатыр» СОО, «Жағалау», «Жетісу» саябағы аумағында, Есіл өзенінің жағалауы бойында, Үркер және Пригородный тұрғын алаптарында сырғанақтар мен мұз айдындары ашылды.
Сарыарқа ауданы аумағындағы мұз айдындары мен төбешіктер Есіл өзенінің жағалауында, қалалық әкімдік ғимаратының алдындағы алаңда, Көктал саябағында, Оқжетпес пен Герцен, Қосшығұлұлы, 15 және Тілендиев, 15 көшелерінің қиылысында орналасқан.
Жаңа жыл күндері елорда тұрғындары мен қонақтары осы маңайда уақыттарын көңілді өткізе алады. Елорда әкімдігі демалыс уақыты болса да санитарлық нормаларды есте сақтауға шақырды.