Нұр-Сұлтанда химиялық заттарды қауіпсіз басқару мәселелері талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында мемлекеттік мекемелер, өнеркәсіптік кәсіпорындар және зертханалық қызметтер, ҮЕҰ жұмыскерлері үшін «Химиялық заттарды тиімді реттеу ұлттық жүйелерінің негізгі элементтері: үкімет өкілдерінің шешім қабылдау үшін химиялық заттарды тиімді реттеуге Халықаралық өлшемдер құралдарын қолдануға дайындығы» тақырыбында халықаралық оқыту семинары басталды.

Ұлыбританиядан, Финляндиядан, Словениядан және т.б. елдерден келген  халықаралық сарапшылар химиялық заттарды тіркеудің ұлттық жүйесін қалыптастыру, химиялық заттардың адам денсаулығына және қоршаған орта үшін тигізетін қауіптілігін бағалау, химиялық заттар мен қоспаларды жіктеу  бойынша оқыту өткізетін болады.

Іс-шараның ұйымдастырушылары: ДДСҰ қолдауымен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы. 

Семинар жұмысына Грузия, Беларусь, Армения, Әзірбайжан, Монғолия, Украина, Қырғызстан, Молдова, Тәжікстан, Өзбекстан және т.б. елдерінің өкілдері қатысуда.  

Қазақстанда 2018 жылдан бастап «Шығыс Еуропаның, Кавказ және Орталық Азияның жекеленген елдерінде химиялық заттарды тиімді реттеу ұлттық жүйелерінің негізгі элементтерін құру» жобасы іске асырылуда. Жобаны іске асыру бойынша Қазақстанның серіктестері – Грузия және Беларусь Республикасы.

Аталған жоба қатысушы елдер арасында химиялық заттарды тиімді реттеу жүйесін енгізу бойынша тәжірибе алмасуға; оларды реттеу саласындағы заңнаманы жетілдіруге; химиялық заттар туралы ақпаратты онлайн түрде жинап, бөлісу үшін техникалық базаны құруға, Еуразиялық экономикалық одағының «Химиялық өнімдердің қауіпсіздігі туралы» Техникалық регламентінде қарастырылған Химиялық заттар мен қоспалар тізілімінің ұлттық бөлімін құруға; химиялық заттардың  адам ағзасына және қоршаған ортаға әсері туралы халықтың хабардарлығын арттыруға бағытталған. 

Қарапайым тұтынушы 2021 жылдан бастап Ұлттық тізілімге кіріп, кез келген химиялық зат туралы толық ақпарат ала алатынын айта кеткен жөн. Бұл химиялық заттың адамның денсаулығына тигізетін әсерін төмендетуге мүмкіндік береді. 

10-12 сәуір күндері  семинардың жұмысы жалғасады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы