Нұр-Сұлтанда инсульт кезінде жоғары технологияларды қолдану бойынша 100-ден астам операция жасалды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қала стационарларында инсульт кезінде шамамен 303 нейрохирургиялық операция жасалды, оның ішінде 102-сі (32%) жоғары технологияларды қолдану бойынша іске асырылды.
Мұндай мәліметтер елорданың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының отырысында айтылды, онда медициналық мекемелердің 2021 жылғы қызметінің қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
2021 жылдың қорытындысы бойынша елордалық стационарларда инсультпен емделген пациенттердің саны 2020 жылға қарағанда 3%-ға көп болды – 1 777 адам. Жас шамасы бойынша 50 жастан асқан адамдар басым (60%).
Елорданың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова өлім жағдайларына да тоқталды.
Өлім-жітім бойынша талдау нәтижесі көрсеткендей, науқастардың 26%-ы (63 науқас) ғана симптомдар пайда болғаннан кейін 4,5 сағат ішінде жеткізілген, оның ішінде 10%-ы (6 науқас) есін жоғалтып, комаға түскен. Тәуліктік өлім-жітімнің артуы көбінесе пациенттердің ауруханаларға ауыр және өте ауыр жағдайда түсуіне байланысты, - деді ол.
МСАК ұйымдарының басшыларына тәуекел тобындағы пациенттерді уақытылы анықтау және оларға тиісті медициналық көмек көрсету кезінде профилактикалық жұмысты бақылауға алу тапсырылды.