Нұр-Сұлтанда «Халық сақшысы» жасақтары құрылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда қаланың тыныс-тіршілігіне бей-жай қарамайтын тұрғындар қазіргідей қиын кезеңде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау мақсатында құқық қорғау органдарына көмек көрсету үшін жиналды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Еріктілер арасында спортшылар, дәрігерлер, кәсіпкерлер, мұғалімдер және волонтерлер бар. Олардың бәрі тәртіп сақшыларымен бірге тәртіпсіздіктің және заңсыздықтың алдын алу үшін ерікті түрде ниет білдірді.
Елімізде не болып жатқанын бәріміз көріп отырмыз. Бейбіт шерулер жаппай тәртіпсіздікке, зорлық-зомбылыққа, ұрлыққа ұласты. Өз қаламыз, еліміз үшін алаңдап отырмыз. Сол себепті қаламызда қандай да бір заңсыздық, тәртіпсіздік болмас үшін жұдырықтай жұмылып отырмыз, - деді кәсіпкер Әлібек Мұқатаев.
Еріктілер арасында ниет білдіргендердің басым бөлігі – спортшылар. Рингте, татамиде Қазақстан намысын қорғап үйренген білекті жігіттер бүгін күш құрылымдарымен бірге мемлекеттік маңызы бар нысандарды, сол сияқты қаланың тыныс-тіршілігіне жауапты кәсіпорындарды күзететін болады.
Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін қанша уақыт қажет болса да барымызды салып көмектесетін боламыз. Арандатушылар, тәртіпсіздікті ұйымдастырушылар, сол сияқты осындай қиын кезеңде өзгенің есебінен өз пайдасын табуға ұмтылатындар өздеріне күшті қарсылық барын білуі тиіс. Біз полицейлердің тасасында тығылып отырмаймыз, - деді аралас жекпе-жектен әлем чемпионы Елдар Құдайбергенов.
Белсенді Азат Әбікеновтің айтуынша өз үйіңді тонап, төңкеру – патриоттықтың белгісі емес. Азат өз сөзінде деструктивті іс-әрекетті ақтап алудың еш қисыны жоқ екенін айрықша айтып өтті.
Бүгін қала тұрғындары мен қонақтарын қорғау үшін жиналдық. Біз профессияға немесе конфессияға бөлінбейміз. Біз елін кез келген жаудан қорғайтын ер-азамат ретінде жиналдық. Қаламызда бейбітшілікті сақтап қалу үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз, - деді ол.