Нұр-Сұлтанда биыл 15 мектеп салынады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биыл елордада 15 мектеп салынады, осылайша 40 мыңнан астам жаңа оқушы орны ашылады. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында елорда әкімі Алтай Көлгінов айтты.
Әкімнің айтуынша, елордада тұрғындарының жыл сайынғы өсуі ескеріле отырып, ірі мектептердің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Елордада жыл сайын ішкі көші-қон есебінен де, туу көрсеткіші есебінен де қала тұрғындарының саны өсіп келеді. Мысалы, 2010 жылы қала мектептерінде 74 мың оқушы білім алса, қазір 193 мың оқушы білім алуда. Жыл сайын бірінші сынып оқушыларының саны өсіп келеді. Сондай-ақ 2019 жылы 5 мыңнан астам түлек мектеп бітірсе, 1-сыныпқа 24 мыңға жуық бүлдіршін келді. Ал 2020 жылы 6,6 мың түлек болса, 1-сыныпқа 21 мыңнан астам бала келді, - деп атап өтті ол.
Көлгінов хабарлағандай, 2030 жылға қарай Нұр-Сұлтанда 400 мыңға жуық оқушы болады. Әрине, бұл тамаша көрсеткіш, тиісінше мектептердің көбірек ашылуын талап етеді.
Біз ірі мектептердің құрылысына көштік. Білім мекемелері қаланың барлық ауданында, соның ішінде тұрғын үй массивтерінде салынып жатыр. Қажеттілігі бар аудандарға ерекше назар аударылады, - деді бас қала әкімі.
Елордада 2019 жылы 6 мектеп, ал 2020 жылы 11 мектеп салынса, биыл 15 мектеп салынады. Бұл жаңадан 40 мың оқушы орнын ашуға мүмкіндік береді. Егер салыстырмалы түрде қарасақ, бұл 2020 жылдан екі есе, ал 2019 жылдан төрт есе көп.
Алдағы бес жылға елордада 67 мектептің құрылысы жоспарланып отыр. Оқу орындарының құрылысы жеке инвестицияларды тарту есебінен де жүргізілуде. Осылайша біз үшауысымды мектептер проблемасын шешіп отырмыз. Егер жыл сайын уақытында мектептерді салмасақ, онда үшауысымды мектептер саны көбейе береді, - дейді Көлгінов ОКҚ-да.
Елорда әкімінің тапсырмасы бойынша болашақ педагогтарды ынталандыру мақсатында гранттар саны ұлғайтылды. Жыл сайын орта арнаулы оқу орындарында оқуға кемінде 800 грант, ал жоғары білім алуға тағы 300 грант бөлу жоспарланып отыр.
Бұған дейін Алтай Көлгінов елорданы газдандыру туралы айтып берді.