Нұр-Сұлтанда әйелін ұрған ер адам қамауға алынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтанда азаматтық некедегі әйелін ұрғаны үшін ер адам бес тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Күндізгі уақытта «102» арнасына үй тұрғындарынан көрші пәтердегі әйелді ұрып-соғып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті.

Шақырту бойынша келген полицейлер ер адамның мас күйінде өз пәтерінде жанжал шығарып, әйелін ұрғанын анықтады.

Учаскелік полиция инспекторы Нұрмұхамбет Тәжібай тәртіп бұзушыны ұстау туралы шешім қабылдап, оны Алматы ауданының Полиция басқармасына жеткізді.

Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттері үшін ер адамға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, іс құжаттары Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жіберілді. 

Соттың қаулысы бойынша 29 жастағы ер адам бес тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. 

Сонымен қатар құқықбұзушының мінез-құлқына бір жыл мерзімге ерекше талап қойылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы