Нұр-Сұлтанда әскери ғалымдарды Ғылым қызметкерлері күнімен құттықтады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Салтанатты шара Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында өтті. Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов әскери ғалымдарды кәсіби мерекелерімен құттықтады, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім мен ғылымды дамытуды ерекше назарға алып отыр. Ел Президенті 2021 жылы Қазақстан халқына Жолдауында қазақстандық білім мен ғылымның алдында ауқымды, кезек күттірмейтін міндеттер тұрғанын айта келіп, жаңа белестерді бағындырып қана қоймай, бір қадам алға басып, трендтер қалыптастыру қажеттігін атап өткен болатын. 

Қазақстан Қарулы күштерінде осы саланы дамыту ордасы Ұлттық қорғаныс университеті болып табылады. Оқу орнында 62 ғалым, оның ішінде 6 ғылым докторы, 20 ғылым кандидаты, 36 философия докторы (PhD) педагогикалық және ғылыми қызметпен айналысады. 

Әскери ғалымдардың ғылыми ізденістері әскери өнердің теориясы мен практикасын, жауынгерлік даярлықтың, әскери тарихтың, әскери педагогиканың өзекті проблемаларын, қару-жарақ пен әскери техниканы жаңғыртудың, сондай-ақ Қарулы күштерді дамытудың басқа да бағыттарын зерттеуге бағытталған.

Соңғы бірнеше жылда ғана ұшқышсыз ұшу аппараттарының арнайы бағдарламалық қамтылымын, басқару мен климатты бақылаудың электрондық блогы бар сутегі генераторын әзірлеуге, зымыран нысаналары мен зымыран отыны саласындағы әзірлемелерге патенттер беріліп отыр. Алдағы уақытта Қарулы күштерге Ұлттық қорғаныс университетінің қабырғасында әзірленген «Шағала» барлау ұшқышсыз ұшу аппараты берілетін болады, - деп оқу орнынның жетістіктерін атап өтті генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов. 

Қорғаныс министрінің орынбасары Қазақстанның әскери ғылымының дамуына елеулі үлес қосқан әскери ғалымдарға грамоталар тапсырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы