Нұр-Сұлтанда 7-11 сынып оқушылары еден жуып жүр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сабақтан кейін еден жуып, сыныпты тазалап кетуге 7-11 сынып оқушылары мен олардың ата-аналары келіскен. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен апта сайынғы брифинг барысында №80 мектеп директоры Гүлмира Жарменова айтты.
«Мектебімізде былтыр 7-11 сынып оқушыларына сабақтан кейін кезекшілік қойып, сынып кабинетін тазартып кету енгізілді. Балаларды жастайынан еңбекке баулу, еңбеке тәрбиелеу. Басқа кісілердің де еңбегін бағалау. Ата-аналарға бұл әдіс туралы айтқанда, тек бір ата-ана қарсы болды. Кейін олар да келісіп, баласы қазір жалпымен бірдей тазалық жұмысына араласып жүр. Балалар суға ешқандай дезинфекциялық қоспа қоспай, таза сумен жуып шығады. Себебі кейбір балада аллергия болуы мүмкін. Сондықтан олар тек сумен жуады. Ал техперсонал демалыс күні жақсылап дезинфекциялап тазартып жуады. Күніге 5-6 баладан қалады», - деді мектеп директоры.Сонымен қатар, енді еліміздің мектептерінде әр тоқсанның басында бірінші сабақ «Адалдық білімі» жобасы аясында парасаттылыққа үйрететін сабақ ретінде үйретеді.
«Әр тоқсанның басында бірінші сабақ сынып сағаты ретінде өтеді. Соған Қоғамдық ұйымдардың, мониторингтік топтың, Агенттіктің өкілдері (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі – авт.) әр тоқсанда сынып сағатына бір рет қатысады. Сабақтың басында 20 минуттай қатысып, парасаттылық, адалдық туралы айтып береді. Балаларға мұғалімдердің сабақ өткені үйреншікті, ал басқа адам келіп сөйлессе, балалар оны басқаша қабылдайды. Сонда жылына 4 рет сабаққа қатысады», - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің парасаттылық департаментінің басшысы Зауреш Батталова.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы