Нұр-Сұлтан және Алматыда коронавирус жұқтырғандар саны азайып келеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы коронавирустық инфекцияның ағымдағы жағдайына қатысты өткен онлайн брифинг барысында ҚР мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова айтты.

Оның мәлімдеуінше, коронавируспен ауырғандардың күнделікті өсімі 60 жағдайдан нөлге дейін түскен.

27 наурыздан бастап Нұр-Сұлтанда сырқаттанғандардың күн сайынғы өсімі 5 сәуірдегі жағдай бойынша 60-тан нөлге дейін төмендеді, Алматыда күн сайынғы өсім орташа есеппен 15-тен алты жағдайға дейін ауытқып тұр. Жалпы республика бойынша сырқаттанушылықтың өсімі 10% көлемінде, - деді Айжан Есмағамбетова.

Алайда, бас санитар 20%-дан 30%-ға дейін жоғары өсім байқалатын аймақтар бар екенін айтты, олардың ішінде Қызылорда, Түркістан, Атырау және Қарағанды облыстары бар.

Бұған дейін мемлекеттің бас санитары Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында ем алып жатқан 16 пациенттің жағдайы ауыр екенін айтқан болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы