Нұр-Сұлтан полицейлері қалта ұрысын ұстады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Полицияға қалта ұрыларының құрбаны болған қала тұрғындары арызданды,деп хабарлады қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қалта ұрлығы басым жағдайда, қоғамдық көліктерде немесе аялдамаларда жасалған, яғни қаскүнем алдын-ала жолаушыға жақын тұрып алып содан кейін адамдардың көп жиналатын сәтін пайдаланып, сөмке мен сыртқы киім қалталарынан ұялы телефондар мен әмияндарды оңай жымқырып кететін болған.
Тұрғындардан келіп түскен бірнеше арыз шағымдарға байланысты жедел уәкілдер бірден қоғамдық көліктер мен аялдамалардың бағыттарында жұмыс жүргізе бастайды.Жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында елордалық полиция қызметкерлері 30 жастағы күдіктіні ұстады.
Аталған күдікті бұрын ұрлық жасағаны үшін бірнеше рет сотты болғаны анықталды. Полицейлер оның 5 қалта ұрлығы бойынша кінәсін дәлелдеді, сондай-ақ елорда аумағында ашылмаған қылмыстарға қатыстылығына тексеру жүргізілуде.Барлық фактілер бойынша ҚР ҚК 188-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, - делінген хабарламада.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті азаматтарды қырағы болуға шақырады. Сондай-ақ қарбалас сағаттар қалта ұрлығы үшін ең қолайлы сәт екенін ескертеді.