Нұр-Сұлтан мен Алматыда «омикрон» штамы анықталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2022 жылдың 6 қаңтарында Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ұлттық сараптама орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны филиалының Молекулярлық-генетикалық зерттеулер зертханасы 96 оң үлгіні геномдық секвенирлеуді аяқтады, деп хабарлады ДСМ баспасөз қызметі.
Генотиптеу нәтижелері бойынша 8 (8,3%) үлгіде Omicron коронавирусының жаңа нұсқасы анықталды, оның ішінде Алматы қаласында - 7 және Нұр-Сұлтан қаласында - 1.
Сынамалардың 71%-да «Дельта», 16%-да «Дельта плюс» коронавирус штамының нұсқалары, 4,7%-да коронавирус штамының басқа нұсқалары анықталды.
«Омикрон» нұсқасының ерекшелігі - жоғары инфекциялық таралуы (таралу коэффициенті 1:5 тең), қайта жұқтыру қаупінің жоғарылауы. Жоғары тыныс алу жолдарында (осы жерде вирус бастапқыда енеді) «Омикрон» «Дельта» нұсқасына қарағанда 70 есе жылдам көбейеді.
Инфекциядан қорғаудың жалғыз жолы - вакцинацияның аяқталған курсы және COVID-19-ға қарсы уақтылы ревакцинация.
Сонымен қатар, вирустың таралу қаупін азайту үшін барлық профилактикалық шараларды сақтау қажет: бетперде тағу, әлеуметтік қашықтықты, қол гигиенасын сақтау, үй-жайларды желдету және т.б.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, 2022 жылғы 6 қаңтардағы жағдай бойынша әлемнің 126 елінде «Omicron» SARS-CoV-2 штаммы анықталды.