Нұр-Сұлтан қаласында вакцина алғандар саны 10 мыңнан асты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов брифинг барысында айтты.

Оның айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласында коронавируспен күрес үшін 11 стационар құрылған. Оның 10-ы инфекциялық және біреуі карантиндік, ол «Рамада Плаза» қонақ үйі. Оған қоса 3 медициналық ұйым базасында 300-дей инфекциялық төсек орны әзірленуде. Бұл стационардың барлығы басқа ауру түрімен ем алатын науқастарға еш кедергі келтірместен ашылып отыр. Олар өз емдерін бұрынғыдай ала береді. 

Халыққа вакцина салу жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінде вакцинаның 1-компоненті бойынша 10 806 адам вакцина алды. 2-компонент бойынша 3 024 адам вакцина алды. Оның ішінде медициналық қызметкерлер - 4 836, мұғалімдер – 1 945, созылмалы ауруы барлар – 1 071, құқыққорғау органы қызметкерлері – 1 207, басқа топтағы азаматтар – 1 802, - деді ол. 

Сонымен қатар ол екпе алғаннан кейін адамдардың денсаулығында қатты асқыну жағдайы болмағанын жеткізді.

36 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарында 1 және 2-компоненттерге арналған екі вакцина салу бөлмелері мен екпеден кейін науқастарды бақылауға арналған күту бөлмелері тұрақты режимде жұмыс істеп жатыр. Барлық емханада тоңазытқыштар мен қондырғылар қойылған, вакцинаны қоймадан екпе салу орнына тасымалдауға арналған термоконтейнерлер бар, - деді Мұратов. 

Сөз соңында ол қала тұрғындарын карантин ережелерін қатаң сақтап, күтінуге шақырды.

Қалада ауырған науқастар саны күнде көбейіп келеді. Кейінгі кездері күніне 50 адам стационарға қабылданса, оның 10 пайызы бірден жансақтау бөліміне түсіп жатыр. Бұл өте қиын көрсеткіш, сондықтан өздеріңізді сақтап, той-думан болған жерге бармауға тырысып, санитарлық нормалар мен әлеуметтік арақашықтықтық сақтағандарыңыз абзал, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы