«Nur Otan» партиясының өкілдері Қызылорда өңіріне барды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Nur Otan» партиясының өкілдері Қызылорда облысының білім және денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен, ауыл шаруашылық кәсіпорындарының ұжымымен, жастармен және басқа да азаматтармен жүздесіп, 15-ке жуық кездесу өткізді.
Аймақтағы кәсіпкер әйелдермен кездесу барысында ел өңірлері, қалалары мен аудандары бойынша жұмыспен қамту, базалық әлеуметтік қызметтер мен түрлі мемлекеттік қолдау шараларына қолжетімділік мәселелерін қамтитын Гендерлік қажеттіліктер картасы әзірленетіні айтылды.
Жалпы, жеке бизнесін ашу үшін 50 мың азаматқа шағын несие беріледі, оның ішінде жалпы сомасы 250 млрд теңге болатын несие 42 мың ауылдық азаматқа бағытталады.
Үкіметтік емес ұйым өкілдерімен өткен кездесуде елдегі демократияның өрістеуіне жол ашатын жауапты азаматтық қоғамды дамыту мәселелері көтеріліп, осы бағыттағы бірқатар ойлар ортаға салынды.
Партия мүшелері өңірдегі кездесулердің бірінде азаматтық қоғаммен бірлесе отырып, экологиялық мәселелерді шешу, табиғатқа аялай қарау мәдениетін күшейту жайына да тоқталды.
Жалпы, облыс халқымен кездесуде ауызсумен қамтамасыз ету, тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсету, аграрлық саланы дамыту жайы да көтеріліп, жан-жақты талқыланды.