Nur Otan партиясының кезектен тыс XXII Съезі. LIVE
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшілері – Аягөз Құрмаш, Мақпал Орынбек, Назым Бөлесова.
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен онлайн форматта Nur Otan-ның кезектен тыс XXII Съезі өтіп жатыр.
11:52 – Осымен Nur Otan-ның кезектен тыс XXII Съезі өз мәресіне жетті.
11:51 – Партия бойынша берілген барлық шешімді қабылдау бойынша дауыс берілді.
11:50 - Президент:
Партияның әрбір мүшесі бұл жауапкершілікті терең сезініп, аянбай еңбек етеді деп сенемін. Береке басы - бірлік екенін әрдайым есте сақтайық!
11:50 – Қасым-Жомарт Тоқаев:
Бүгін партияның бағыттарын анықтадық. Енді жұмыс істеу керек. Жұрт біздің жұмысымызды күтіп отыр. Осы міндетті абыроймен атқарсақ, партияның тиімділігі анықталады. Жаңа Қазақстанды бірге құрайық. Парияның жаңа атауы құты болсын.
11:48 – Тоқаев Украинадағы жағдайға қатысты пікір білдірді.
Біздің ұстаным Қазақстанның қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан қабылдануы керек. Біз 2010 жылы ЕЫҚҰ саммитін өткізген ел ретінде біртұтастықты ұстанамыз. Біртұтатыстық өзара түсінушілік пен келісімді қарастырады. Өкінішке қарай, Минск келісімі орындалмай Украина мен Ресей арасында қақтығыс туындады. Біз екі елді ынтымақтастық орнатуға шақырамыз. Келіссөздер аясында оны шешу керек. Бейбітшіліксіз ештеңені жүзеге асыру мүмкін емес. Қазақстан бұл орайда барлық қолдауды жүзеге асыруға дайын. Қазақстан экономикасы санкцияларға төтеп беруге дайын болуы керек. Біз барлығымыз бұл қиындықтарды артта қалдыра аламыз. Осы орайда партия да бесенділік танытуы керек. Көп жыл бойы үнсіз жатқан адамдар қазір жылымықты пайдаланып, әлеуметтік желілерде неше түрлі ақпарат тарата бастады. Партия жұртшылыққа саясатынымызды дұрыс тарата алуы керек. Мен үшін ең басты құндылық – Қазақстан Тәуелсіздігі.
11:47 - Мемлекет басшысы:
Мен 16 наурызда саяси реформалардың жаңа бағдарламасын ұсынамын. Қазір партиялар арасында бәсеке күшейе түсуде. Осы орайда біз партиямыздың басты саяси күш ретіндегі рөлін саралауымыз қажет. Бұл өте маңызды міндет. Басқаша айтқанда, ұйым әрдайым ел мүддесін қорғайтын халықтық партия болып қалуы керек.
11:47 – Тоқаев:
Дамудың жаңа кезеңінде партияға жаңа тұғырнама керек. Бірақ негізгі құндылықтарымыз өзгермеуі керек. Осы орайда партияның жаңа тұғырнамасын әзірлеуді ұсынамын. Оны келесі съезде қарап, бекітеміз.
11:46 – Тоқаев 16 наурызда елдің жаңа саяси дамуын ұсынатынын айтты. Яғни, Қазақстан халқына Жолдауын жариялауы мүмкін.
11:45 – Президент:
Біз жас кадрларға жол бермейміз. Бұл – біздің басты кемшілігіміз. Бір реттік семинарлардан, әкім, депутат, министрлерді дайындаудың кешенді жұмысына көшу керек. Мен айтқан барлық бастаманы қысқа уақыт ішінде жүзеге асыру керек.
11:44- Мемлекет басшысы:
Праймериз - елдің дамуына үлес қосқысы келетін партия ішіндегі жандарды іріктеуі тиіс
11:43 - Тоқаев:
Праймериз аясында партияға бәсекеге қабілетті мамандар келді. Кадрлық селекция қажет. Өткен жылы Қазақстанда әкімдерді тікелей сайлау жүйесі енгізілді. Бүгін ел бойынша 910 елді мекенде жаңа әкімдер сайланды. Алдағы уақытта тағы осындай сайлау өтеді. Біздің партия бұл жағдайға келгенде бейқамдық таныта алмайды. Олар осы жұмыстың басында белсенді әрекет етуі керек.
11:41 - Президент:
Елді жаңартудағы әрі қарайғы жұмыста партиялықтарға ұсыныстар идеясын жинау бойынша республикалық науқан өткізуді ұсынамын.
11:40 – Тоқаев:
Осыған дейінгі съезде қоғамдық қабылдаулардың жұмысын қайта қарауды тапсырған едім. Айтарлықтай өзгеріс көріп отырғанымыз жоқ. Елді жаңғырту жұмысында партияластарға үміт артамын. Сондықтан республика бойынша жалпыұлттық күн тәртібіне ұсыныстар қабылдайтын жүйе ашу керек.
11:37 – Мемлекет басшысы:
Жақында біздің Мәжіліс депуттары өңірлерден оралды. Мен бұл жұмысты қадағаладым. Олардың жұмысында жаңа стиль пайда болды. Жиналыстар азайып, сайлаушылармен әңгімелесу көбейді. Бұл әдісті тереңдетіп, дамыта түсу аса маңызды.
11:34 – Президент:
Қоғамдық пікірталастар мен әлеуметтік желілердегі бастамаларды партия тыңдалымдарына енгізу керек.
11:32 – Тоқаев:
Орталық аппарат пен филиалдар арасындағы жұмысты қайта қарау керек. Қағазбастылықтан құтылу керек. Өңірлік филиалдар сайлаушылармен өздері дербес жұмыс істей алады. Орталық аппарат тыңғылықты қадағалауды доғаруы керек. Оның басты мақсаты саяси векторды көрсетіп отыру.
11:30 - Президент:
Партияны жаңғырту оның атауын өзгерту ғана емес. Ең алдымен партиялық жұмысты басынан қарау керек. Оған қоса мен бірқатар өзгертуді ұсынамын.
11: 29 – Тоқаев:
Мен партиямызды ресми тұрде «Аманат» деп атауды толық қолдаймын.
11:28 – Қасым-Жомарт Тоқаев:
Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған
11:27 – Қасым-Жомарт Тоқаев:
Қазір әлемдегі азуал өзгеріп жатыр. Осындай аумалы-төкпелі заманда біз жаңа даму кезеңіне өттік. Барлығымыз Жаңа Қазақстанды құруға жұмыла кірісіп жатырмыз. Партия жаңа бастамаларға ұйытқы болуы тиіс. Сондықтан бүгінгі басты мәселе – партияның жаңғыртылуы. Осыған орай, саяси ұйымның атауын «Аманат» деп өзгерту ұсынылды. Бұл пікірталасқа мен де қатыстым. Бірнеше ұсыныстың ішінен «Аманат» деген атауға тоқтадық. Бұл ұлт үшін де, халық үшін де қастерлі ұғым. Бұл мемлекеттілік пен ұрпақ жалғастығын көрсетеді.
11:26 – Қасым-Жомарт Тоқаев:
Құрметті жолдастар, партияластар! Ең алдымен баршаңызды бүгінгі Алғыс айту күнімен құттықтаймын! Бұл өзара тілектестікті, жанашырлықты дәріптейтін мейрам. Біз осындай ынтымақтықтың арқасында қаңтардағы қиын-қыстау күндерде мемлекеттігіміз бен тұтастығымызды қорғап қалдық. Сын сағатта бірлігін сақтай білген барша отандастарымызға зор ризашылығымды білдіремін.
11:25 – Тоқаев:
1 наурыз - Партияның құрылған күні. 23 жыл бұрын еліміздегі ең басты саяси ұжымның негізі қаланды. Партия көп бастама көтеріп, сайлаушылардың қолдауына ие болды. Елбасының бастамасымен құрылған партия Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекшілік қабілеті жолында қоғамды біріктіре алды.
11:23 - Сөз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа берілді.
11:21 – Қарағанды облыстық мәслихат депутаты Кристина Шарикова сөз сөйлеп жатыр. Ол өзінің еңбек жолын және жастар саясаты туралы сөз қозғады.
11:19 – Саясат Нұрбек:
Заман өзгерді, ел өзгерді. Партияның моделі де, платформасы, атауы, жұмыс, қызмет моделі де өзгеруі керек, құрметті партияластар! 2006 жылы шетелден оқудан оралған соң партияға мүше болып кірдім. Қазір сіздерге өтінішім бар. Барлығымыз күш біріктіруіміз керек. Партияның модернизация біріншіден, қоғаммен коммуникацияда, жаңа принциптерге көшуіміз керек. Екіншіден, қоғамдық қабылдаулар, партия жұмысына биг дата, жаңа алгоритмдерді қорытып, кез келген Қазақстан азаматының мұқтажын анықтап, шешу технологиясын енгізу қажет.
11:18 – Саясат Нұрбек:
Бүгін көптеген пікір айтылуда. Тіпті, партияны тарату керек деп жатыр. Саясаткер ретінде айтар болсам, мемлекеттік жүйе, саяси жүйенің негізгі элементі, негізгі тұтқасы – саяси партия болып табылады.
11:18 – Келесі сөзді саяси кеңес мүшесі Саясат Нұрбек алды.
11:17 – Фракция Nur Otan партиясының атын «Аманат» деп өзгерту бойынша ұсыныс жасады.
11:15 – Қошанов партияның атын өзгерту туралы ұсыныс жасады. Ол «Аманат» деген атауды ұсынды.
11:14 – Қошанов:
Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталған азаматтар мен олардың туған-туыстарымен кездесу болды. Кездесуде олардың арыз-шағымдары ескерілді. Депутаттар оны қадағалауда ұстап отыр. Өңірлерде біз тыңғылықты жұмыс істедік. Сайлаушылар көтерген бірде-бір мәселе қараусыз қалмайды. Депутттар өңірлерде туындаған мәселелерді дереу шешу үшін өңірлерге аттанатын болады. Қаңтар оқиғалары кезінде депутаттар халыққа әділ шешімдерді жеткізді. Қоғам үлкен өзгерістер алдында тұр. Жаңа Қазақстанды бірге құруымыз керек. Біздің партиямыз осы жұмыстардың бел ортасында болатыны анық.
11:14 – Асхат Оралов
Креативті жас партия мүшелерінің әлеуетін іске асыруға мүмкіндік беретін «Партияның контент-фабрикасы» жобасын қолға алу. Жастарға арналған жаңа бағдарлама әзірленіп, Jas Otan форумында бекітіледі.
11:13 – Ерлан Қошанов:
Заң жобаларын талдау өңірлерде жұртшылықтың қамтылуымен ашық талқыланады. Мәжілістің ақпараттық жүйесінде әрбір талқыланатын заң жобасы бойынша есеп беріледі. Үкіметпен бірге қағазбастылықтан ада жұмыс істейтін жұмыс жүйесі жолға қойылады. Партияның сайлауалды бағдарламасы бойынша фракция оның өтуіне сүйемелдеу жасайды. Бұл мәселені депутаттар бақылауда ұстап отыр. Қазіргі жағдайда депутттар халықпен тығыз байланыста тұр. Фракция өңірлердегі жұмысын қайта қарады. Депутаттар өңірлерде халықпен, оппозиция өкілдерімен кездесті. Онда жұмыспен қамту, сумен қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Бұл бойынша сәуірде Парламенттік тыңдау өткізуді жоспарлап отырмыз.
11:13 – Асхат Оралов:
Ауыл жастарының әлеуетін дамытуға бағытталған жаңа «Өрлеу» жобасын іске қосу. Жастарды отансүйгіштікке баулитын жаңа «Қайсар» әскери-патриоттық жобасын жүзеге асыру.
11:13 – Асхат Оралов:
Jas Otan жастар қанатының жұмысын жетілдіру. Беделді жас көшбасшыларды ұйымның қатарына тарту. Жас депутаттар корпусының қызметін жандандыру, «Biz birgemiz» және «Волонтер мектебі» волонтерлік ұйымдарын кеңейту.
11:12 – Партияның Парламент Мәжілісіндегі фракциясының жетекшісі Ерлан Қошанов сөз сөйлеп жатыр.
11: 11 – Асхат Оралов:
Жас партияшыларды қолдау үшін «Партияның контент-фабрикасы» іске қосылады.
11:08 – Оралов
Партияның Жарғысына өзгерістер енгізу керек
11:09 – Асхат Оралов:
Қазіргі таңда өзгерістерге сай партияның басты бағдарламалық құжаттарын қайта қарау қажет деп ойлаймыз. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша атқарушы хатшы лауазымы енгізіледі. Жол картасы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарлама жүзеге асырылады.
11:07 – Асхат Оралов:
Кадрлық жұмысты жолға қою мақсатында жаңа буынды дайындауды ұолға аламыз. Партияның жұмысы барынша ашық болуы тиіс деп санаймыз. Бұл халықтың сұранысы. Мәслихаттардағы депутаттардың рейтингін халыққа ұсынамыз. Партиялық мобильді қосымша іске қосылады. Ол қоғамдық мәселелерге байланысты түрлі сауалнама қалдыру мен ұсыныс-тілектерді білдіруге септігін тигізеді.
11:05 – Асхат Оралов:
Сандық емес, сапалық көрсеткіштер маңызды. Кейбір кеңестерде талқыланатын мәселе ұқсас болғандықтан олардың санын қысқартқан жөн. Елдің сөзін сөйлейтін тұлғаларды тартамыз. Отырыстар ашық өтеді. Осылайша, қоғам мен халықтың жаңа мәдениетін қалыптастырамыз.
11:04 – Асхат Оралов:
Адалдық пен әділдік, жеделдік пен ашықтық – партияның әрбір мүшесіне қойылып отырған басты талап.
11:02 – Күн тәртібіндегі Партияның Саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізу туралы мәселе қаралып жатыр. Саяси кеңес құрамынан бұрынғы мүшелерді шығарып, жаңа мүшелерді енгізу мәселесі бойынша дауыс беру жүргізілді. Мәселен, саяси кеңес құрамынан Нұрлан Нығматулин шығарылып, Премьер-министр Әлихан Смайылов кіргізілді.
11:01 – Асхат Оралов:
Съезд төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлының Nur Otan-ның модернизациялау бағдарламасын талқылау үшін съезді дәл осы күні шақырылуы барлығымыз үшін ерекше маңызға ие
11:00 – Съездің күн тәртібі бекітілді.
10:59 - Nur Otan партиясының кезектен тыс XXII съезінде партия төрағасының орынбасары Асхат Оралов сөз сөйлеп жатыр. Ол биыл партияның құрылғанына 23 жыл толып отырғанын айтты.
10:55 - Nur Otan-ның кезектен тыс XXII Съезі Қазақстан Республикасының Әнұранымен басталды.
10:45 – «Қазмедиа орталығына» съез жұмысынан ақпарат тарату үшін БАҚ өкілдері жиналды. Өңір делегаттары съезге онлайн форматта қатысып жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, оның жұмысына еліміздің әр өңірінен 399 делегат қатысып отыр. Партияның Саяси кеңесінің қаулысымен Съездің күн тәртібі бекітілді. Екі мәселе қаралады:
1. Партияның Саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізу.
2. Nur Otan партиясының модернизациясы.