Nur Otan 4,5 мыңнан астам отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етті

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. "Birgemiz" қоры тарапынан Алматы қаласына 2 млн медициналық бетперде жіберіледі. Ол бетперделермен 40 мың мұқтаж қалалық тұрғындар қамтылмақ. Бұл туралы Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Станислав Канкуров брифинг барысында айтты.


Оның айтуынша,  "Nur Otan" партиясы Төрағасының тапсырмасымен партиялық жобалардың аясында бірінші болып карантин жариялаған Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы мұқтаж жандарды жеке санитарлық қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету мақсатында 150 млн теңге қаржы бөлінген.
 

Аталған көмек күн сайын тек қана аз қамтылған азаматтарға, яғни соғыс ардагерлері мен тыл фронтының қатысушыларына, ерекше қажеттілігі бар адамдарға, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар мен көп балалы отбасыларға көрсетіледі. Жалпы саны 7000 адамға көмек көрсетілмек, қазіргі таңда 4 мың 200 адам көмек алды, - деді ол. 


Сонымен қатар, ол Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен "Жаңа Алатау" қорында арнайы шот ашылғанын айтты. Аталған қорға Тұңғыш Президент-Елбасы Қоры, сондай-ақ "Nur Otan" партиясының депутаттары, кәсіпкерлер, кәсіпорындар, партия мүшелері және қарапайым азаматтар қаражат аударған. Олар негізінен аз қамтылған азаматтар үшін азық-түлік себетін сатып алуға және басқа да қажеттіліктерге бағытталған. 
 

Бүгінгі күні "#BizBirgemiz" акциясы аясында "Nur Otan" партиясы 4,5 мыңнан астам отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етті. Сондай-ақ, қазақстандық эстрада жұлдыздарымен, атап айтқанда Роза Рымбаева, Мейрамбек Беспаев, Сәкен Майғазиев, Арман Дүйсенов және басқалар аз қамтылған отбасыларға 2 500 дана азық-түлік жиынтығы түрінде демеушілік көмек көрсетілді, - деді Канкуров. 


"Jas Otan" еріктілерінің мұқтаж жандарға көмек жеткізу жөніндегі қызметі уақытша тоқтатылуына байланысты санитарлық қорғаныс жиынтықтары орталықтандырылған түрде "Қазпошта" АҚ арқылы жеткізіліп жатыр екен. Қорғаныстың барлық санитарлық нормаларын сақтауға баса назар аударылған. 
 

Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында NOMAD MMA республикалық Федерациясы 80 жастан асқан жалғыз басты қарт адамдарға ыстық тамақпен қамтамасыз етуді ұйымдастырды. Ыстық тағамға бірінші және екінші ас, салат, нан және компот кіреді. Күнделікті 1000-ға жуық қарт адам ыстық тамақпен қамтылды. Бүгінгі жағдай бойынша 9 мыңнан астам түскі ас жеткізілді, - дейді ол. 


Сонымен қатар, ол жас кәсіпкерлер Алматы қаласының барлық 27 блок-бекетінде жұмыс істейтін қызметкерлерді қолдауға ниет білдіріп, "Rixos Chemistry" компаниясы оларды 500 литр антисептик түріндегі санитарлық қорғау құралдарымен және ауыз сумен қамтамасыз еткенін айтты.
 

"Nur Otan" партиясы қалалық филиалының атынан еліміз үшін осындай қиын кезеңде көмек қолын созған барлық азаматтарға үлкен алғысымды білдіргім келеді. Қала тұрғындарын осынау қиын сәтте үйде қалуға, карантин режимін және қорғану шараларын сақтауға шақырамын!, - деді Станислав Канкуров.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы